Accessibility links

Балқаштық құқық қорғаушы төрт жылға сотталды


Құқық қорғаушы Санат Бөкенов сотта тұр. Қарағанды, 19 қаңтар 2017 жыл.

Балқаш қаласында тұратын құқық қорғаушы Санат Бөкенов төрт жылға сотталды. Қарағандыда оны балқаштық бірнеше шенеуніктің үстінен жалған мәлімет тарату ісі бойынша соттады.

Бірер жыл бұрын өзін құқық қорғаушымын деп мәлімдеген 58 жастағы Санат Бөкенов наурыздың 3-і күні төрт жылға сотталып, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болды. Прокуратура да осынша жаза мерзімін тағайындауды сұраған. Бөкеновтің ісін қараған сот отырыстары Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы қылмыстық істер сотында жыл басынан бері күн сайын дерлік өткен болатын.

СОТТАЛУШЫ ЖОҚТА ШЫҚҚАН ҮКІМ

Үкім жарияланған күні сот залында сотталушы болған жоқ. Бөкенов 8кім жарияланардан бірнеше күн бұрын «сотқа сенбеймін» деген уәжбен сот отырыстарына қатысудан бас тартқан. Ол судья Жанат Егембердиеваға «адамгершілік және моральдық тұрғыдан зардап шектім» деп жазған арызын жасауыл арқылы беріп жіберген. Сот оның бұл әрекетін қорғану амалы деп бағалаған.

Судья бұған қоса Бөкеновтен сот сараптамаларын жүргізуге жұмсалған 138 мың теңгені өндіріп алу туралы қаулы етті.

Құқық қорғаушы Санат Бөкенов жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шара қолдануды сұрағаннан кейін ауыстырылған Қарағандыдағы тергеу абақтысының бір кісілік камерасында үкім күшіне енгенге дейін отырады. Жаза мерзімі оны қамауға алған күн – 2016 жылғы шілденің 27-сінен бастап есептеледі. Бұған қоса Бөкеновтен сот сараптамаларын жүргізуге жұмсалған 138 мың теңгені өндіріп алу туралы қаулы етті. 2016 жылғы қарашаның 21-і күні жүргізілген стационарлық кешенді сот психология-психиатриялық сараптама ұйғарымына сәйкес, Бөкенов психикасы сау адам деп танылған.

Оның мемлекеттік адвокаты Бағлан Баграмова комментарий беруден бас тартты. Сот кезінде сотталушы өзін-өзі қорғағысы келетінін мәлімдеген. Кей отырыстарға Қазақстандағы халықаралық адам құқығы және заңдылықты орындау бюросы өкілі қатысқан. Сот ашық режимде өткенімен, жергілікті журналистер бұл іске онша көңіл бөлмеді.

Санат Бөкеновтің азаматтық некедегі әйелі әрі екеуіне ортақ баланың анасы Дина Қадаева үкім жайлы бүгін ғана естіген. Ол қаржыдан қысылып әрі балаларын қарайтын ешкім болмағандықтан тергеу абақтысында отырған Санат Бөкеновке көптен бері бара алмағанын айтады.

– Ол қазірдің өзінде сырқат, ал төрт жыл түрмеде отырып шыққаннан кейінгі халі не болады? Денсаулығынан мүлде айырылады ғой. Екеумізге ортақ баламыз екі жарым жаста, оған әке керек. Ешкімді өлтіріп тастаған жоқ, отанына опасыздық жасаған жоқ, шартты жаза берулеріне де болар еді ғой, – дейді Санат Бөкеновтің азаматтық некедегі әйелі Дина Азаттық тілшісіне.

Дина Қабаева мен Санат Бөкенов және балалары Жасмин. 2014 жылғы сурет.
Дина Қабаева мен Санат Бөкенов және балалары Жасмин. 2014 жылғы сурет.

Оның сөзінше, Санат Бөкенов бұрын шығармашылықпен айналысып, мейрамханаларда ән айтқан. Бірақ кейін құқық қорғау ісімен айналысуды ұйғарған. Бөкеновтің азаматтық некедегі әйелінің сөзінше, олардың отбасы ешқашан «ақша мен молшылық көрген емес». Ол «ақша ең қажет нәрселерге ғана жететін» дейді. Дина Қадаеваның сөзінше, Санат Бөкенов көп адамның құқығын қорғауға тегін көмектескен.

ЖАЛҒАН МӘЛІМЕТ ТАРАТУ ІСІНІҢ ТҮП-ТАМЫРЫ

Жалған мәлімет тарату туралы қылмыстық іс Санат Бөкеновтің үстінен Қарағанды облыстық сотында оған қатысты шара қолдану жайлы жеке қаулы шыққаннан кейін қозғалған.

Бөкенов сотта жұбайы Мұсағұлованың мүддесін қорғаған кезде мемлекеттік қызметшілерді «түгел коррупционер» деп атаған. Бәрі содан кейін басталды.
Қарағанды облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі

Қарағанды облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі Азаттыққа: «Бөкенов сотта жұбайы Мұсағұлованың мүддесін қорғаған кезде (ол «алаяқтық» бабы бойынша айыпталып сотталған, Бөкенов екеуі ажыраспаған. – Ред.) мемлекеттік қызметшілерді «түгел коррупционер» деп атаған. Бәрі содан кейін басталды. Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасында Бөкеновке қатысты шара қолдану жайлы жеке қаулы шығарылды. Облыстық прокуратура «Көрінеу жалған мәлімет таратып, тұлғаны коррупциялық қылмыс жасады деп айыптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады» деген комментарий берді.

Санат Бөкенов 2014 жылы Балқашта қала билігі пәтер бөлуге қатысты алаяқтықты жасырып отыр деген ақпарат жариялаған. Іс материалдарына сәйкес, Санат Бөкенов прокуратура, ішкі істер бөлімі, әкімдік қызметкерлері мен судьяларды және Балқаш қаласының өзге лауазымды тұлғаларын коррупциялық қылмыс жасады деп еш дәлелсіз айыптаған. Бірақ үкімде көрсетілгендей, әлгі фактілерге қатысты істер қылмыс құрамы немесе заң бұзушылық жоқ болғандықтан жабылғанын Бөкенов «анық» білген. Бұған қоса ол жеке мүддесін көздеген әрі жұбайы М.-ны қылмыстық жауапқа тартқаны үшін ішкі істер органы қызметкерлеріне өштескен.

ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕРДІҢ АЙТҚАНДАРЫ

Іс бойынша жәбірленушілер – тоғыз адам. Тергеу және сот жәбірленуші деп таныған олардың кейбірі қазір өзге қызметте, тіпті өзге аймақтарда жұмыс істейді. Жәбірленушілердің бірі жұмыс істемейді, ал екіншісі – жеке меншік компанияда заңгер.

Ертеректе Балқаш қаласы прокуроры қызметін атқарған жәбірленуші Д.-ны тергеу хаттамасында «Бөкенов оны мүлде қатысы болмаған коррупциялық қылмыс жасады деп айыптаған» деп жазылған. Бөкенов бұрынғы прокурорды пара алды деп айыптаған. Жәбірленуші «Бөкенов осылайша азамат әрі құқық қорғау органы қызметкері ретіндегі ар-намысымды таптады» деп санайды.

2013-2014 жылдары Балқаш қалалық прокуроры көмекшісі болып жұмыс істеген тағы бір жәбірленуші К. Балқаш қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қызметіне прокурорлық тексеру жүргізген кезде Мұсағұлованың (Бөкеновтің жұбайы, екеуі ресми түрде ажыраспаған) Балқаш қаласында пәтерлерге қатысты бірнеше алаяқтық қылмыс жасаған фактілері анықталған деп мәлімдеген. Жәбірленушінің түсіндіруінше, ол түсінік берген жайттар бойынша Бөкенов пен Мұсағұлова көптеген шағымдарында оның «заңсыз әрекеттері» жайлы жазған. Жәбірленуші Бөкенов куәлерге қысым көрсетті және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп мені негізсіз айыптайды деп санайды.

Балқаш қаласы ішкі істер бөлімінің аға тергеушісі жәбірленуші Т.-ның мәлімдеуінше, Бөкенов сотта сөз сөйлеу арқылы, жоғары органдарға шағымдар жолдау арқылы оның құқық қорғау органы қызметкері әрі мемлекеттік қызметші ретіндегі ар-намысын таптаған. Оның айтуынша, Бөкеновтің әлгі әрекеттерінің кесірінен Қарағанды облысы коррупцияға қарсы қызметі мен ішкі істер департаменті ішкі қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері оны бірнеше мәрте заңсыз қылмыстық қудалаған, бірақ оның әрекеттерінде қылмыстық заң бұзушылық жоқ болғандықтан кейін тоқтаған.

Ертеректе Санат Бөкенов сотта Балқашта «мемлекеттік баспана оңды-солды қалай таратылғанын әшкереледім» деп мәлімдеген. Ол «әділдік іздеймін деп өзім қудалауға ұшырадым, ал прокуратура негізгі қудалау органына айналды» деп санайды.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG