Accessibility links

Қауіп төмен, бірақ сақтық қажет: денсаулық сақтау министрлігі маймыл шешегінің алдын алу жолдарын ескертті

"Mаймыл шешегі вирусы анықталды" деген жазуы бар шыны сауыттар. 2024 жылғы 20 тамызда түсірілген архивтегі фото.
"Mаймыл шешегі вирусы анықталды" деген жазуы бар шыны сауыттар. 2024 жылғы 20 тамызда түсірілген архивтегі фото.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі елде маймыл шешегі таралу қаупі төмен деп бағаланғанымен, инфекция сырттан әкелінуі ықтимал екенін жоққа шығармайды. Бұл туралы министрлік әлемдегі инфекциялық ауруларға, соның ішінде маймыл шешегіне қатысты ахуалға жүргізіліп отырған тұрақты мониторинг нәтижесіне сүйеніп хабарлады.

Министрліктің түсіндіруінше, жекелеген мемлекеттерде дерт оқиғаларының тіркелуі мен халықаралық көлік қатынасының қарқындылығы вирустың Қазақстан аумағына өту қаупін тудырады. Алайда қоздырғыштың берілу ерекшеліктеріне байланысты, бұл дерттің халық арасында жаппай өршу ықтималдығы аз. Қазіргі уақытқа дейін көліктің барлық түрінде жүргізілген санитариялық-карантин тексерулері кезінде аса қауіпті инфекция жұқтырған немесе ондай күдікке ілінген бірде-бір адам тіркелген жоқ деп хабарлады мекеме.

Инфекцияның енуіне жол бермеу үшін Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 2024 жылғы 26 тамыздағы №8 қаулысына сай, елде кешенді шаралар атқарылған: мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде бақылау күшейтіліп, дене қызуын қашықтан өлшейтін құралдармен жабдықталған, қауіпті аймақтардан келген азаматтарды қадағалау және ведомствоаралық әрекет ету алгоритмдері қолданысқа енгізілген.

Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға терісінде белгісіз бөртпесі бар адамдармен тығыз қарым-қатынастан аулақ болуға, жеке гигиена талаптарын сақтауға және бөтен төсек-орын мен киімді пайдаланбауға кеңес береді. Егер адамның дене қызуы көтеріліп, басы және бұлшықеті ауырса, лимфа түйіндері ұлғайса немесе бөртпе сияқты белгілер пайда болса, дереу дәрігерге жүгініп, қандай шет мемлекеттерге сапармен барғанын ескертуі қажет.

  • Маймыл шешегі – MPXV вирусы қоздыратын инфекциялық ауру. Негізінен вирус жұқтырған адаммен тығыз физикалық байланыс, денедегі бөртпелер немесе биологиялық сұйық заттар арқылы тарайды. Вирус адамға ластанған заттар мен ауру жануарлардан да жұғуы мүмкін.
Айдар
​
XS
SM
MD
LG