Accessibility links

Қазақстан Азиаданың алтыншы күні бес қола медаль ұтты

Азия ойындарына қатысушы елдердің тулары. Туризм және спорт министрлігі таратқан сурет. 18 Қыркүйек 2026 жыл.
Азия ойындарына қатысушы елдердің тулары. Туризм және спорт министрлігі таратқан сурет. 18 Қыркүйек 2026 жыл.

Қазақстан құрамасы ескек есу, нысана көздеу, семсерлесу және жеңіл атлетикадан бес медаль алды. Бұл жөнінде туризм және спорт министрлігі хабарлады.

Алғашқы жүлдені ескек есуден Қазақстан әйелдер құрамасы еншіледі. Ольга Шмелева, Стелла Суханова, Татьяна Токарницкая және Эвелина Костенко байдарка-төрттігінен 500 метр қашықтықта қола жүлдеге ие болды. Қазақстандық спортшылар бұл қашықтықты 1 минут 37,005 секундта жүріп өтті.

Нысана көздеуден Ислам Сәтпаев ел қоржынына бір қола медаль салды. 50 метр қашықтықтан шағын калибрлі винтовкамен үш позицияда ату сайысының финалында қазақстандық спортшы 348,3 ұпай жинап, үшінші орын алды.

Семсерлесуден әйелдер құрамасы да қола жүлдегер атанды. Ширек финалда қазақстандықтар Гонконг құрамасын 45:35 есебімен жеңсе, жартылай финалда Қытай спортшыларына 21:45 есебімен жол берді. Нәтижесінде София Николайчук, Ирина Бакалдина, Владислава Андреева және Дарья Самоделкина Азия ойындарының қола жүлдесін иеленді.

Қазақстан құрамасы жеңіл атлетикадан екі қола медаль жеңіп алды. Полина Иванова сырықпен секіруде 4,15 метр биіктікті бағындырып, үшінші орынға тұрақтады. Бұл - Қазақстанның Азия ойындарындағы аталған спорт түрінен тарихтағы алғашқы медалі.

Бұған қоса, Алина Чистякова жеті сайыста қола жүлдеге қол жеткізді. Жеті сайыстың қорытындысы бойынша қазақстандық жеңіл атлет 5568 ұпай жинады.

Алты күннің қорытындысы бойынша Қазақстанның қоржынында 30 медаль бар: 8 алтын, 8 күміс және 14 қола. Жалпы командалық есепте Қазақстан төртінші орында тұр.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG