Қазақстан билігі блогерлерді қызғылт қоқиқаздар көп шоғырланатын жерлерде дрон ұшырмауға шақырды

Экология министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ескертуінше, құстарды жиі мазалай берсе, олар үйреншікті мекеніне қайтып оралмауы мүмкін.

Бұған Маңғыстау облысындағы Үстірт мемлекеттік табиғи қорығында дрондардың ұшырылуы себеп болған. Ведомствоның хабарлауынша, дрондардың шуы мен құстарға тым жақын ұшуы құстарды күйзеліске түсіреді, қорек іздеуіне және тынығуына кедергі келтіреді.

«Біз үшін бұл — бірнеше секундтық әдемі видео ғана, ал құстар үшін — үлкен күйзеліс. Әлеуметтік желідегі қаралым саны мен танымалдық жабайы табиғаттың тыныштығынан маңызды болмауы керек», — деп жазылған комитет мәлімдемесінде.

Комитет Қазақстан заңнамасы бойынша топтасып тіршілік ететін құстар көп шоғырланған жерлерде бір шақырымнан төмен биіктікте дрон ұшыруға тыйым салынғанын еске салды.

Қызғылт қоқиқаз Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Үстірт қорығының әкімшілігі бұл құстардың Қаракөлге ұшып келгенін 30 қыркүйекте хабарлаған.

Қызғылт қоқиқаз немесе кәдімгі қоқиқаздың – түсі ақ, сәл ақшыл, қызғылт, ұшар қанатының ұшы қара, тұмсығы ұзын, төмен қарай иіліп біткен. Биіктігі 1,5 метрге жетеді. Салмағы 1,9-дан 4,4 кг-ға дейін, қанатын жайғанда 160-170 см-ге жетеді, бір қанатының қалыпты жағдайдағы ұзындығы 39 см, құйрығы 14 см. Мекиені онша биік емес. Үйірімен қоныстанады (50-ден 25 мың жұпқа дейін). Ұялары конус тәрізді, тұнба саздан немесе құмнан салады.

​
XS
SM
MD
LG