Accessibility links

"Назарбаевтың оққағары", "Тоқаевқа сигнал". Қазақстан экс-президенті Мәскеуге неге барды?


Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа жыл қарсаңында Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездескені Қазақстанда қызу талқыға түсті. "Ескі Қазақстанның" елесі туралы көп айтатын депутаттар экс-президенттің бұл қадамын айыптап, кейбірі оның шетелге шығуын шектеу туралы бастама көтерді. Азаттық бұл сапардың мән-жайын саясаттанушы Досым Сәтпаевпен талқылап көрді.

Кремльде Владимир Путин Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. 27 желтоқсан күні Кремльдің баспасөз қызметі осы бір сөйлемді ғана жазып, ұзақтығы сегіз-ақ секунд болатын бір видео жариялады.

Қысқа видеода отырған екі адам үндемейді. Ресей президенті орынынан қозғалақтап, миығынан күлгендей кейіпте кадр сыртында сурет, видеоға түсіріп тұрғандарға "жеткілікті" дегендей ым жасайды. Ал оның алдында отырған Назарбаев көзін Путиннен айырмай, соңғы сәтте ғана фото-видеокамера ұсатағандар жаққа мойын бұрады.

Осы қысқа видеодан өзге ешқандай ақпарат айтылған жоқ.

Қазақстанды үздіксіз отыз жыл билеген Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресейді ширек ғасыр басқарып келе жатқан Владимир Путин көптен таныс-біліс адамдар. "Менің өмірім: бодандықтан бостандыққа" деп аталатын мемуар кітабында Назарбаев Путинді "сөзге берік, досқа адал" деп мақтайды.

Бес жыл бұрынғы бір естелігінде Назарбаев "2019 жылы биліктен кететінімді Путинге ғана айттым" деген. Алайда ол президенттікті Тоқаевқа тапсырса да, Путиннен қол үзбеді. Тіпті биліктегі құзіреттерінен, ықпалынан айырған 2022 жылғы "Қаңтар оқиғасынан" соң да Кремльге бірнеше рет барып, Путиннің қабылдауына кіріп жүрді. Биыл 29 мамырда да Путиннің қабылдауында болған. Ол кездесуден де Кремль ешқандай дыбысы жоқ 5-ақ секунд видео жариялаған. Кейін бұл сапардың мәнін Назарбаевтың баспасөз қызметі "Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапары бейресми болды. Тұңғыш Президентті Ресей Президенті Владимир Путинмен мемлекеттік өкілеттіктерге қарамастан жалғасын тауып келе жатқан көпжылдық достық қарым-қатынас байланыстырады" деп түсіндірген.

Нұрсұлтан Назарбаев 29 желтоқсан күні Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен телефон арқылы сөйлескені мәлім болды. Бұл жөнінде Өзбекстан президентінің ресми сайты хабарлады.

Назарбаев пен Мирзияев әңгіменің басында "бір-бірін келе жатқан жаңа жылмен құттықтап, бауырлас елдердің халқына бейбітшілік, тұрақтылық және өркендеу тілеген". Өзбекстан президенті сайты таратқан қысқа хабарламада екеуара әңгімеде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық пен стратегиялық серіктестіктің "жоғары деңгейге жеткені", ал көпжақты әріптестік "басым бағыттар бойынша сатылап дамып жатқаны" сөз болған.

Бірақ ел арасында әлі де Мәскеудегі сапар көбірек талқыланып жатыр.

"ҚАЗАҚҚА ҚАРАЙЛАС ҚАРЕКЕТ ЕМЕС"

Назарбаевтың Путинмен кездесуіне ел ішінде де, шетелдік сарапшылар да көп пікір айтылып жатыр. Сын айтқандары басым. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи тіпті "Назарбаевтың шетелге шығуына тыйым салу керек" дейтін бастама көтерді.

– Бұл не қылған сүмеңдеген жүріс?! Кезінде жеке өзі билеп-төстеп, бір шыбықпен айдаған халқы пана болмайтынын сезген сорақының қорлығы ғана ма? Әлбетте бұл тіленшектік Қазақстанға, қазаққа қарайлас қарекет емес, әдеттегідей тойымсыз жеке бастың қамы болса керек! Сондықтан елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік құпияны білетін тұлғаның (экс-президент болсын, министр немесе басқа да лауазымгер болсын) шет елге шығу мүмкіндігін реттейтін заң қажет шығар. Бұл қабылдаудың саяси мазмұнын Кремль қалай қабылдайтынын қайдам, ал экс-президенттің ішіндегі "қызыл иті" елдің мемлекеттік билігі мен Қазақстан халқына сес көрсетуі деп түсінеміз бе? – деді ол.

Экс-президенттің мұндай сапарлары Ақордаға ұнамайтынын оның ізбасары Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де айтқан. Жыл басында "Ана тілі" газетінде жарық көрген сұхбатында ол Назарбаев былтыр Путинмен екі рет кездескенін, біріншісі БАҚ бетінде хабарланбағанын ескерткен.

Путин мен Назарбаев. Кремль таратқан видеодан скриншот. 27 желтоқсан 2025 жыл.
Путин мен Назарбаев. Кремль таратқан видеодан скриншот. 27 желтоқсан 2025 жыл.

"Олар байырғы достар әрі әріптестер ретінде жүздесетін болса керек, ортақ әңгімелері де бар шығар. Мұндай кездесулер әдетте Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен өтеді. Ол үшін мұның маңызы зор. Бұрынғы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, партия басшысы және егемен Қазақстанның президенті ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының Кремльмен тығыз моральдық және саяси байланысы барын естен шығармаған жөн", деді Тоқаев сол сұхбатта.

Содан бір жыл бұрын "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында Тоқаев бұрынғы президентке қарата: – Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. "Кеттің бе – қайы­рыл­ма!", – деген еді.

Мәскеуде өткен сенбідегі кездесуден кейін мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Тоқаевтың осы сөзін мысал етті.

– "Кеттің бе – қайырылма!"» деген қағиданы "Кеттің бе – қараңды батыр" деп жалғастыру – ел үкімі! Назарбаев 4 жыл бұрын Путинмен кездескенде осылай сартылдаған фотоаппараттар дауысы бір аптадан кейін Алматыда тарсылдаған автоматтар дауысына айналып, Қаңтар қасіретіне ұласқан еді… Енді міне, тағы да, Путинге барып, пультіне айналуды сұрап отырғаннан сау ма?!" – деді депутат.

"ЕЛДЕН ШЫҒАРМАУ ҮШІН ҚЫЛМЫСЫН ДӘЛЕЛДЕҢДЕР ДЕ, СОТТАҢДАР"

Ал журналист, блогер Айсұлтан Жақыпов Назарбаевтың еркі өзінде дегенге сенбейді. Сондықтан бұл сапардан астар іздеп, қауіптенудің қажеті жоқ дейді.

– Өзім ол кісіден аса қауіп көрмеймін. Себебі қазір барлық күштік құрылымдар қазіргі президенттің уысында. Назарбаевтың қандай да бір ықпалы қалды дей алмаймын. Назарбаевтан қауіптену, оны зұлым ретінде көрсете беру Тоқаевтың әлсіздігін мойындау ма сонда? Меніңше, Ресейге де біреудің ықпалымен барып отыр. Назарды аудару, одан әрі жеккөрініш тудыру саясаты басты орында секілді. Зорлап, қолтығынан екі адам демеп әлгі жерге апарып, фото-видеоға түсіріп, артқа қайтқан секілді. Содан кейін, оны елден шығармау керек деп желпінгендерге айтарым бар. Елден шығармау үшін қылмысын дәлелдеңдер де, соттаңдар. Сонда ел тұрмақ түрмеден шыға алмайтын болады. Әйтпесе, шулаудың қажеті жоқ. Демократия дейміз ғой. Кім қай жаққа барам десе де құқылы шығар. Санаулы жылдардан соң Тоқаев мырзаның да мерзімі аяқталады. Әлгі заң оны да елден шығармауға кепіл бола ма? – деді Жақыпов Facebook-те.

Назарбаевтың бұл сапары шетелде де назардан тыс қалмады. Ресейлік саясаттанушы Аркадий Дубнов ресейлік басылымдар Назарбаев Путиннің Кремльдегі пәтеріне барып, осындай дастарханда отырғаны "жоғары деңгейдегі сенім мен өте жақсы қарым-қатынастың белгісі" деп жарыса жазғанына жазғанына назар аударады.

– ТМД-ның бұрынғы көшбасшыларының ішінде Кремльдің ықыласына ие болып отырғаны – тек Назарбаев... Путин мен Назарбаев арасындағы қарым-қатынастағы "химия" Путин мен Тоқаевтың байланысына қарағанда әлдеқайда терең екені анық байқалады, – деді Дубнов.

Украиналық саясаттанушы Виталий Портниковтың пікірінше, бұл кездесу арқылы Путин де, Назарбаев да саяси ұпайын түгендейді. "Ресей президентінің Назарбаевпен жоғары деңгейде әрі әдейі жария түрде кездескені — Қазақстандағы қазіргі билікке бағытталған саяси сигнал" дейді ол.

– Путинге Назарбаев не үшін керек? Меніңше, мұның жауабы анық. Қазақстанның тұңғыш президенті бүгінде "ұлт көшбасшысы" ретінде қабылданбайтынына қарамастан, қазақстандық әрі жалпы постсоветтік саясатта әлі де ойыншы екенін еске салып отыр. Ол қазірдің өзінде Владимир Путинмен ашық сөйлесу арқылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да, Орталық Азиядағы кез келген басқа басшының да саяси картасын шатастыра алатынын көрсетеді. Ал Назарбаевқа Путин не үшін керек? Бұл да түсінікті: Қасым-Жомарт Тоқаев өзін Қазақстан президенті ретінде толық сенімді сезінбеуі үшін, сондай-ақ қазақстандық саяси сахнадағы саяси процестің қатысушылары, бизнес өкілдері мен Қазақстанға сырттан көз тігіп отырғандар елде бәрі біржақты емес екенін, Назарбаев президенттік қызметтен кеткеннен кейін де Қазақстанда шынайы консолидцияланған билік режимі қалыптаспағанын әрі қалыптаспайтынын түсінуі үшін керек, – деді Портников YouTube-те жарияланған пікірінде.

Назарбаев Путинге неге керек? — AzatNEWS l 29.12.2025
please wait

No media source currently available

0:00 0:24:46 0:00

Азаттық саясаттанушы Досым Сәтпаевтан сұхбат алып, Назарбаевтың Кремльге сапарының астары жайлы сұрады.

"ПУТИН НАЗАРБАЕВТЫ ПІКІРЛЕС АДАМ КӨРЕДІ"

Азаттық: Досым мырза, Назарбаев Путинге неге барады? Екеуін байланыстыратын ескі достық па әлде басқа да мақсат-мүдде бар ма?

Досым Сәтпаев
Досым Сәтпаев

Досым Сәтпаев: Бір жағынан, Путин Назарбаевты кезінде Қазақстанды Ресейге өте тығыз байлап қойған адам ретінде қабылдайды. Бір кездері Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына бастамашы болған дәл Назарбаев екенін ұмытпаған жөн. Елдің өз ішінде бұл одаққа айтарлықтай қарсылық болғанымен, ол Қазақстанның бұл ұйымға кіруін қолдады. Назарбаев тұсында Қазақстан экономикасындағы салалардың біразы Ресейге қатты тәуелді болды. Атышулы Каспий құбыр консорциумын мысал етейін. Қазір оның төңірегінде елеулі мәселелер туындап, ел экономикасы Ресей аумағы арқылы өтетін бір ғана құбырға тәуелді екені туралы әңгімелер айтыла бастады.

Қазақстан экономикасында көп ресейлік компания барын білеміз. Бұл үрдіс қазір де сақталып отыр, бірақ дәл Назарбаев кезеңінде Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс екі елдің одақтастық қатынасының көрнекті формасына айналды деуге болады. Әрине, Путин мұны ұмытпайды.

Естеріңізде болса, Путин "Қазақстанда мемлекеттілік тек Назарбаев тұсында пайда болды" деген арандатушылық сипаттағы мәлімдемелер де жасаған. Бұл Қазақстанның ішінде ашу-ыза тудырды. Яғни, белгілі бір деңгейде Путин Назарбаевты өзіне пікірлес адам ретінде қабылдайтынын айтуға болады.

Алайда мұның бәрін тек осы фактормен ғана түсіндіру дұрыс емес. Себебі Назарбаевтың кейінгі жылдардағы сапарларының жиілігі әсіресе 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін қатты көзге түседі. Ол жыл сайын, кейде тіпті бір жылда бірнеше рет барады. Мысалы, биылдың өзінде Путинге екінші рет барып отыр.

Ол өзінің "оққағарына" барып жүр деуге болады. Яғни, Қаңтардан кейін Назарбаев жеке қауіпсіздігінің, отбасы мүшелерінің және айналасының қауіпсіздігінің кепілі болып отырған адамға барып жүр. Оның үстіне, олардың көпшілігінің Ресейде бизнесі бар. Мұны өздері де жасырмайды. Назарбаев үшін қандай жағдай болмасын, оны қорғай алатын адамның бар екенін үнемі ашық түрде көрсетіп отырған маңызды.

Ал кешегі кездесуге келсек, бұл сапардың Қазақстанда меншікті қайта бөлудің жаңа кезеңімен қатар өтуі кездейсоқ емес деп ойлаймын. Мен "Қазақмыс" компаниясындағы ықтимал акционерлердің ауысқанын айтып отырмын. Бұл компания бір кездері, Назарбаев активтерінің тәжіндегі "мыс гауһар" саналатын. Қазір сол активтің иелері ауысып жатыр және бұл мәселе негізінен шешіліп те қойған деп ойлаймын.

Қазіргі бас тақырып — Назарбаев әулеті бұл актив үшін қанша алатыны. Әрине, бұл тақырып Назарбаевты қатты алаңдатуы заңды. Сондықтан оның бұл сапар осы процестермен де байланысты болуы мүмкін.

Путин мен Назарбаев биыл 29 мамырдағы кездесуі. Мәскеу.
Путин мен Назарбаев биыл 29 мамырдағы кездесуі. Мәскеу.

НАЗАРБАЕВТЫҢ "ОҚҚАҒАРЫ"

Азаттық: Қаңтар оқиғасынан соң Назарбаевтың Путинмен кездескенін Кремль хабарлап келеді. Алайда Қазақстанның ресми баспасөзі немесе экс-президенттің өзінің баспасөз қызметі үндемейді. Тұшымды ақпарат болмаған соң, амалсыз болжам жасауға тура келеді. Назарбаевпен кездескенін ашық көрсету арқылы Путин Қазақстан билігі мен қоғамына қандай да бір ықпал еткісі келе ме?

Досым Сәтпаев: Иә, дәл солай. Себебі Путиннің Назарбаевпен кездесулерінің фото-видеоларын көрсету – бұл шын мәнінде белгілі бір месседж. Мұнда Путин "бөліп ал да, билей бер" деген ескі, классикалық тәсілді қолдануға тырысып отыр. Ол Назарбаев пен Тоқаев арасындағы өзара байланыс қазір өте әлсіз әрі тұрақсыз екенін жақсы түсінеді. Сондықтан Назарбаевпен тұрақты түрде кездесіп, Тоқаевқа "белгілі бір жағдайларда оған әрдайым балама нұсқа бар" екенін ескертіп отырады.

Егер тікелей Назарбаевтың өзі болмаса, онда оның отбасы мүшелері немесе айналасындағы адамдар бар. Айта кету керек, мұндай жағдайдың қалыптасуына белгілі бір дәрежеде Тоқаевтың өзі де себеп болды. Назарбаев Путинді өзінің жеке қауіпсіздігінің кепілі, "оққағары" ретінде қабылдаса, Тоқаев та Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін де Путинге белгілі бір деңгейде тәуелді болып қалды. Себебі сол кезде Путин оны қолдады. Мүмкін, сол сәтте, Назарбаевқа және оның отбасы мүшелеріне қатысты "Назарбаевтың өзіне де, отбасы мүшелеріне де қол сұқпау" сынды белгілі бір бейресми келісімдер де жасалған болуы ықтимал. Иә, активтерін тартып алуы мүмкін, бірақ олар тақыр кедей болып қалмайды. Біз қазір соны көріп отырмыз: активтерінен айырылып жатыр, бірақ қол жайып отырғаны шамалы. Яғни, бай адамдар болып қала берді. Демек, белгілі бір астыртын келісімдер болған.

Жақында "заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі комитеттің" атауы "инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті" болып өзгертілгенін білесіз. Бұл жағдайда Ресейдің жалпы Орталық Азия аймағын қалай қабылдап отырғаны маңызды. Украинада соғыс басталғаннан кейін Ресей толықтай Шығысқа, Қытайға бет бұрды. Осы тұрғыда Орталық Азия буферлік аймақ ретінде Ресей үшін экономикалық және саяси жағынан бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Сондықтан Кремль Қазақстандағы ішкі саяси процестерді бұрынғыдан да мұқият бақылайтын болады деп ойлаймын. Себебі Қазақстанда билік транзиті кезінде өзіне адал емес, ресейшіл емес саясаткердің келгені Путинге тиімсіз.

Назарбаев ресейшіл, ал Тоқаев – ішінара ресейшіл саясаткер. Тоқаевтың Назарбаевтан айырмашылығы — ол тек Путинге ғана сүйеніп отырған жоқ. Ол Си Цзиньпинге де жақындауға тырысып, Қытайды белгілі бір қарсы салмақ ретінде көрсетеді. Бұл да әдейі, жария түрде жасалып отыр. Алайда мәселе мынада: сен әлсіз ойыншы бола тұра, айдаһарды аюға қарсы пайдаланғың келсе, олар бір-бірімен қақтығысады дегенге кепілдік бермейді. Керісінше, олар сенен аттап, өзара келісіп алуы әбден мүмкін. Ал бұл қауіпті.

Иә, Тоқаев Қытайды қарсы салмақ ретінде қолдануға тырысып отыр. Бірақ Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан бұл да біржақты артықшылық емес. Себебі сен неғұрлым күшті ойыншының қол астына кірсең, оның өтеуін төлеуге де тура келеді. Бұл вассалдық тәуелдік қаупін тудырады. Ал бұл жақсы нәрсе емес. Сондықтан Путин бұл жерде өте анық әрі нақты месседж жолдап отыр. Ол Қазақстандағы ішкі саяси процестерге ықпал етуге тырысады. Формалды түрде ол екі тараппен де байланыс ұстағысы келеді: Тоқаевпен де, Назарбаевпен де кездеседі. Бірақ сонымен бірге, қажет болған сәтте бұл екеудің қайсысы маңыздырақ екенін өзі анықтай алатынын көрсетіп отыр.

Біз Ресейдің гибрид тәсілдер арқылы басқа елдердің ішкі істеріне қалай араласқанын көрдік. Ол Грузияда ресейшіл күштерді ашық қолдады. Молдовада президент сайлауы кезінде, Арменияда Никол Пашинян Еуропаға бет бұрып, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан шығуға әрекеттене бастаған кезде, ел ішінде бірден тұрақсыздық тудыру әрекеттері байқалды. Сондықтан Қазақстан да Ресейдің ішкі саяси процестерге ықпал етуге тырысатынына дайын болуға тиіс. Яғни, өзіне адал ойыншыларды қолдау үшін түрлі құралдарды іске қосуы мүмкін. Жалпы Мәскеудің "қайда қашсаңдар да, бізден құтыла алмайсыңдар" деген месседжі айқын. Қалай болғанда да, біз бұл "саяси карта ойынында" ойыншымыз дегенді Кремль анық көрсетіп отыр.

"НАЗАРБАЕВ ТА, КРЕМЛЬ ДЕ АҚОРДАДАН РҰҚСАТ СҰРАМАЙДЫ"

Азаттық: Назарбаев мұндай сапарларын Ақордамен алдын ала келісе ме? Кремльге бару үшін рұқсат сұрайды деп ойлайсыз ба?

Досым Сәтпаев: Меніңше, жоқ. Бұл жерде тағы бір маңызды мәселе бар. Гипотетикалық түрде елестетіп көрейікші: мысалы, Назарбаевқа Путинмен кездесуге баруға рұқсат берілмеді делік. Ал Путин болса онымен кездесуге келісім берген. Бұл жағдайда белгілі бір дипломатиялық ыңғайсыз жағдай туындамай ма?

Өйткені, шынын айтқанда, Ақорда да Кремльден белгілі бір деңгейде именеді. Біз олардың үнемі "тығыз серіктестік қарым-қатынасты қолдап отырмыз" дегенді көрсетуге тырысатынын көріп жүрміз. Менің ойымша, Тоқаев дәл осындай ыңғайсыз дипломатиялық жағдай жасағысы келмейді. Ал Назарбаев бұл жағдайды белгілі бір дәрежеде өз пайдасына пайдаланып отыр деп ойлаймын.

Қазір бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік қайраткерлерді мемлекеттік құпияларға байланысты шетелге шығармау керек деген үндеулер айтыла бастады. Әрине, қызық идея. Бірақ мұнда басқа бір маңызды жайт бар. Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың қазіргі деңгейін ескерсек, мемлекеттік құпияларға төнетін қауіп тек шетелге шығумен ғана шектелмейді.

Жемқорлық деңгейі жоғары болған жағдайда, елден шықпай-ақ, ол қауіп бола береді. Яғни, бұл жағдайда бәрібір бүкіл мемлекеттік аппаратты тазалау қажет: белгілі бір сыйақы үшін отанын сатуға дайын, сенімсіз адамдарды жүйеден шығару керек. Олар тіпті елден шықпай-ақ, мемлекеттің мүддесіне зиян келтіруге дайын. Сондықтан, менің ойымша, бұл идея қызық болғанымен, оған кешенді түрде қарау қажет. Тағы айта кетейін, формалды түрде ол "мен Путинмен кездесуге бара жатырмын" деп айта алады. Путиннің әкімшілігі де Ақордаға "бізге бұрынғы президент келеді" деген ақпаратты беретін шығар. Бірақ, менің ойымша, олар ешкімнен рұқсат сұрамайды. Бұл екіталай. Бәлкім, олар тек ниет туралы хабарлайтын болар.

Бұл жағдай Ақорданың жүйкесіне қатты тиеді. Мұны қазіргі ақпараттық кеңістікте Тоқаевты қолдайтын сарапшылардың, журналистер мен қоғам қайраткерлерінің бұл кездесуге қатысты сыни пікірлерінің көбейгенінен көріп отырмыз. Олар "бұл қалай болғаны?" дегендей аң-таң. Дегенмен бұл жағдайға Тоқаевтың өзі септесті емес пе? 2022 жылдан кейін Назарбаевқа тиіспеу жөнінде Путинмен бейресми келісімге барды. Ал шынымен жүйелі реформалар мен нақты жауаптыларды анықтау туралы болғанда, басқа елдердің тәжірибесі көрсеткендей, жауапкершілікті ең алдымен бұрынғы басшылар көтеруі керек еді.

Оның үстіне, бұл жауапкершілік өте салмақты болуға тиіс еді. Ал бізде ше? Біреулерді қамауға алады, ал біреулерді алмайды. Бұл қандай өлшеммен анықталады? Қазір сен билікті саяси тұрғыдан сынасаң, пікір алуандығын білдірсең, бұрынғы басшылардан да қауіптірексің.

Мұндағы парадокс мынада: Тоқаевтың айналасындағы адамдар мен соған жақын орта "назарбаевшылардың реваншы" туралы жиі айтады. Бірақ, айналайындар-ау, сіздер өздеріңіз оларды ықпалынан шыға алмай, өздеріңіз оларды бостандықта қалдырдыңыздар, яғни іс жүзінде саяси ойыншы ретінде сақтап қалдыңыздар. Ал Путин соны пайдаланып отыр. Осыдан соң "реванш" туралы айтып қоймайсыздар. Онда сол реванштың болмауы үшін нақты қадам жасаңыздар. Формалды түрде барлық тетік өз қолдарыңызда ғой. Бірақ сіздер оны жасамайсыздар. Демек, тағы да қайталап айтамын, Кремльмен белгілі бір келісім бар, және сол келісімнің шекарасынан шыққысы келмейді. Осылайша, Назарбаевтың Путинмен кездесуі бейресми түрде болса да, Ақорданың үнсіз келісімімен өтіп жатыр деуге болады. Кем дегенде, Ақорда оны факт ретінде қабылдап отыр. Ал өз арналары арқылы тек наразылығын білдірумен шектеліп отыр.

"АСПАН ТҰРҒЫНДАРЫ"

Азаттық: Жаңа өзіңіз айтқан бастама туралы кеңірек талқыласақ. Назарбаев – еркін адам. Қамауда емес, үстінен қылмыстық іс қозғалған жоқ. Алайда мәжілістегі кейбір депутат "Назарбаевтың сапарларын мемлекет бақылауға алу керек" дегендей пікір айтып жатыр. Қазақстанның қазіргі билігі Назарбаевқа ондай шектеу қоя ала ма?

Досым Сәтпаев: Саяси ерік пен қалау болса, әлдеқашан-ақ түрлі шектеулерді енгізуге болар еді. Түсінесіз бе? Мұның тек Назарбаевқа ғана емес, оның отбасы мүшелеріне де, ең жақын айналасына да қатысы бар. Мысалы, Қожамжаровтың жағдайын алайық. Билік оның қайда жүргенін білмегендей кейіп танытты. Тура бір шоу жасап қойғандай болды: әлдебір істер қозғады, тергеу бастады. Ал ол болса, әлдеқашан басқа азаматтық алып қойған. Бұл, шыны керек, өте оғаш көрінеді. Яғни, бір жағынан билік "қазір жазалаймыз" деп демонстрация жасайды, ал екінші жағынан әлгі адам ештеңе болмағандай тыныш жүріп, тіпті осы әрекеттерді мазақ қылғандай кейіп танытады. Мұның өзі күлкілі көрінеді.

Тағы да қайталап айтамын: егер ниет болса, 2022 жылдан бері-ақ бұл адамдарға әлдеқайда қатаң шаралар қолдануға болар еді. Осындай көптеген саңылауды, мүмкіндікті жіберіп алмау керек еді.

Тағы бір мәселе, Қазақстандағы бизнес пен саяси элитаның көптеген өкілінің Ресейде бизнесі бар. Ол жақта активтері, тығыз байланыстары бар және тағы сол сияқты. Әрине, олар Ресеймен қарым-қатынасты бұзғысы келмейді. Сондықтан, менің ойымша, егер саяси-ерік болғанда, түрлі шектеу енгізуге болатын еді. Кем дегенде, белгілі бір мәселелер бойынша тергеулер бастауға болар еді. Бірақ бұрынғы президенттің қызметіне қатысты ешқандай тергеу болған жоқ қой. Яғни, іс жүзінде олар тіпті қозғалысты шектеуге мүмкіндік беретін құқықтық тетіктердің өзін жасамады.

Билік, мәселен, журналистерді бірден үйқамаққа алады немесе бірден тергеу изоляторына жабады. Әп-сәтте. Ал "аспан тұрғындарына", яғни элитаға қатысты мұндай қатаң шаралар мүлде қолданылмайды. Олар еркін келіп-кетіп жүр, кештерге қатысады, видео салып жүреді. Ештеңе болмағандай. Өздерін қол сұғылмайтын адамдардай сезінеді. Ал қоғамдағы адамдар әділет мәселесін өте жақсы түсінеді ғой. Егер сіз "Әділетті Қазақстан" туралы айтсаңыз, онда неге біреулерге қатысты, тіпті қолдан жасалғандай көрінетін қатаң шаралар қолданылады да, ал басқаларға қатысты көз жұма қарайсыздар? Немесе жекелеген жағдайда ғана әрекет етіп, істі соңына дейін жеткізбейсіздер? Менің ойымша, дәл осы сұрақ Қазақстанда көп адамның көкейінде тұр және бұл нәрсе билікке деген сенімді әлсіретіп отыр.

XS
SM
MD
LG