Accessibility links

Қазақстан интернет-алаяқтық ісі бойынша Қытайдың 13 азаматын еліне қайтарды

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті ел аумағында халықаралық интернет-алаяқтық жүйесін ұйымдастырды деген күдікке ілінген Қытайдың 13 азаматын ұстағанын хабарлады. Ұсталғандардың бәрі Қазақстаннан шығарылып, Қытай билігіне тапсырылған.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 19 қазанда шетелдік азаматтар Қазақстанда заң талаптарын бұзған деп хабарлады. "Тексеру кезінде олардан көптеген компьютерлік техника мен ұялы телефон, Starlink спутниктік байланыс жабдықтары, сондай-ақ криптоәмияндардағы қомақты қаражат табылды" деді ҰҚК.

Арнайы қызметтің дерегінше, бұл топ Қазақстан резиденті емес өзге елдердің азаматтарына қарсы әрекет еткен, болжам бойынша, олардың іс-әрекетін біреулер шетелден үйлестіріп отырған болуы мүмкін.

ҰҚК оларды одан әрі тексеруді Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрлігімен бірлесіп жүргізгенін айтты. Комитеттің дерегінше, ұсталған адамдардың кейбірі отанында осындай іс-әрекеті үшін іздеуде жүргені белгілі болған.

16 қазанда Қытайдың 13 азаматының бәрі әкімшілік тәртіп бойынша Қазақстан аймағынан шығарылып, өз елінің құзырлы органдарының қолына тапсырылған.

ҰҚК таратқан ақпаратта күдікті топтың іс-әрекетінен зардап шеккендер қай елдің азаматтары екені, күдіктілер қалай әрекет еткені және қанша қаражат иеленіп кеткені нақты айтылмаған.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG