Accessibility links

Қазақстан көктемде Таяу Шығыстан азаматтарын эвакуациялауға 4 млн доллар жұмсаған

Оманнан қазақстандықтарды елге жеткізген ұшақтан түсіп жатқан жолаушылар. Алматы әуежайы, 4 наурыз, 2026 жыл.
Оманнан қазақстандықтарды елге жеткізген ұшақтан түсіп жатқан жолаушылар. Алматы әуежайы, 4 наурыз, 2026 жыл.

Қазақстан үкіметі биыл наурызда Таяу Шығыста қарулы жанжал басталғаннан кейін өз азаматтарын ол аймақтағы мемлекеттерден елге жеткізу үшін 4 миллион доллар жұмсаған. Мұны 19 мамырда Астанадағы брифингте елдің көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтты.

"Біз азаматтарымызды түгелдей алып шықтық. Бірінші кезеңде 4 мың адамдай болды. Кейін эвакуация басталған кезде 10 мың азаматқа жетті. Мемлекет бұл шараға орташа есеппен 4 млн доллар жұмсады", деді министр.

Шенеуніктің сөзінше, жолаушылардың кейбірі қайтар билетті алдын ала сатып алып қойғандықтан, мемлекет қазақстандықтарды Таяу Шығыс аймағынан елге жеткізуге әуекомпаниялары жұмсаған шығынның бір бөлігін төлеген.

"Сондықтан біз әуекомпанияларына шығынның бір бөлігін өтеп бердік, оның ішінде сақтандыру шығыны да бар. Бұдан өзге, азаматтарымыздың бір бөлігін Дубайдан сол аймақтағы жағдай анағұрлым тыныш елдерге алып шығу қажет болды. Соның бәріне шамамен 4 миллион доллар жұмсалды", деді Сауранбаев.

  • 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға әуеден шабуылдар бастаған соң Таяу Шығыс елдерінде жүрген мыңдаған қазақстандық елге қайта алмай қалған. Қақтығыс басталғаннан кейін көп ұзамай Қазақстан үкіметі эвакуация рейстерін ұйымдастырып, БАӘ, Қатар, Оман, Сауд Арабиясында жүрген азаматтарын ұшпақпен елге жеткізе бастаған.
  • 14 наурызда Қазақстан сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс елдерінен азаматтарын эвакуациялау аяқталғанын, жиынтығы 10 275 қазақстандық әуе және құрлық жолымен елге қайтарылғанын хабарлады.
Айдар
XS
SM
MD
LG