Accessibility links

Қазақстан мен Түркия Anka әскери дронын жасамақ. Бұл дронның күші қандай?

Anka дроны
Anka дроны

Қазақстан мен Түркия Anka әскери дронын жасайтын кәсіпорын ашпақ. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға сапары кезінде екі ел дрон шығаратын және оған қызмет көрсететін бірлескен кәсіпорын құруға келісті. Түріктің Anka дронының мүмкіндігін сарапшымен талқыладық.

Түркияның Anka дроны – орта биіктікте ұзақ уақыт ұша алатын құрылғы. Яғни, дрон 9000 метр биікке көтеріліп, 25-30 сағат ұшып жүре алатыны айтылады. Ашық дереккөздердегі ақпаратқа қарағанда, дрон кез келген ауа райында, күндіз де, түнде де ұша алады. Anka барлау, нысана табу, шабуыл жасау, аңду міндеттерін атқарады. Арнайы лазерімен нысанаға дейінгі қашықтықты өлшейді. Бұл дронға ракеталар мен бомбалар салып, шабуылдауға болады. Anka-ның ұзындығы 8 метр, қанатының құлашы – 17,3 метр, ал биіктігі – 3,4 метр. Ұшу салмағы 1700 келі болатын дрон 350 келі жүк көтере алады.

Anka дроны
Anka дроны

Дронды Turkish Aerospace Industries компаниясы жасап, 2010 жылы алғаш рет көрсетті. Ал Түркия әскері бұл дронды 2017 жылдан бері қолданады. Қазір Түркия армиясында Anka-S және Anka-2 дрондары бар. Ал Anka-3 дроны сынақтан өтіп жатыр.

Қазақстан Түркиямен бірігіп Anka дронын жасайтын алғашқы ел болмақ. Анкара бұл дронды Таяу Шығыс, Азия, Африка елдеріне экспорттаған.

Азаттық әскери шолушы әрі журналист Амангелді Құрметпен Anka дронының мүмкіндіктерін талқылады.

– Бұл дронды Қазақстанда құрастыру келісімі 2023 жылы жасалған. Сол кезде біз Anka-S дронын құрастырамыз деп анық көрсеткенбіз. Бұл жолы Anka дроны деп жалпы атау берген, – дейді Амангелді Құрмет. – Ал бұл дрондардың екі типі: Anka S және Anka-2 дроны қолданыста бар. Әскери ұшақтарға ұқсас ANKA-3 деген 1200 келі жүк көтеретін дрон бар. Түркия Anka-3 дронын енді қолданысқа енгізбек.

Қазақстан Anka S мен Anka-2 дронын құрастыруы мүмкін. Anka-3 дроны Түркияда толық пайдалануға берілген жоқ. Ал Anka S дронының өзі "Байрактар ТБ-2" дронынан біршама үлкен. Ұшу биіктігі – 9000 метр. Бұл – жойғыш, шабуылдаушы ұшақтардан, айталық Су-24, Су-25 ұшақтарынан әлдеқайда биік ұшады деген сөз. Тікұшақты айтпай қояйын, 9000 метр биікте ұшатын тікұшақ жоқ. Екіншіден, Anka-S дронын Wi-Fi, интернет сигналдары арқылы 250 шақырымға дейін басқаратын болсаңыз, жер серігі арқылы 2500 км дейін басқаруға жарайтын құрал. Жақсы оптикасы бар.

Anka деген қандай дрон? Anka деген қандай дрон?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:54 0:00

Бұл дрон ақылды басқарылатын бомбалар, нысананы өзі тауып алатын зымырандар, танкіге қарсы зымырандармен қарулануға мүмкіндігі бар дүние. Сонымен қатар, мұның қанатында мұз қатуға қарсы жүйесі бар. Мысалы, биікте ауа райы қолайсыз жағдайда, қыста ұшырғанда қанатына мұз қатпайтындай арнайы жүйе орналастырылған. 350 келі жүк алып ұша алады, бұл "Байрактар ТБ2" дронынан екі жарым есе көп. Ең бастысы Anka дронында электронды күрес жабдықтары бар. Яғни, белгілі бір радардың толқынын көре алады немесе қандай да бір сигналдарды шатастырады деген сөз.

Шынын айтқанда, стратегиялық мақсаттағы дрон: алысқа ұша алады, биікте жүреді, ең бастысы жақсы барлау мәліметтерін бере алады. Артиллериялық жүйелерге нысана тауып беруге мүмкіндігі бар, өзіндегі бомбалар мен зымырандарды толық пайдаланатын қуатты дрон. Сондықтан Қазақстанның да таңдауы Anka дронына түсіп отырған сияқты. Ал төңіректегі жұрт Anka Қазақстанда құрастырылады дегенде алаңдап қалған болуы мүмкін.

Азаттық: Қазақстанда қанша дана Anka дроны бар ғой?

Амангелді Құрмет: 2023 жылы сатып алу келісімі болған, сол сатып алу келісімі барысында құрастыруды да қарастырғанбыз. Сатып алу келісімі ертерек жасалды және 2023 жылдың аяғында Қазақстанға бірнеше данасын алып келді. Қазір Қазақстан әскері Anka-S, Қытайдың Wing Loong-1 және өзіміздің шағын дрондарды тұрақты қолданып, әскери жаттығулар өткізіп жүр.

Азаттық: Қазақстанның мұндай әскери дрон өндірісіне атсалысуына басқа елдер қалай қарайды?

Амангелді Құрмет: Бұл жерде біршама шамданатын ел бәлкім Ресей болатын шығар. Себебі ол өзінің қару-жарақ нарығына басқа ойыншы келгенін құптай қоймайды. Қазір Түркияның әскери техника жасайтын біраз компаниясы әлемдегі алдыңғы жүздікке кіріп кетті. Сондықтан Ресей бұған біртүрлі күмәнмен қарап, неге бізден алмай, басқадан алып жатыр деуі мүмкін. Бірақ заманауи ұрыс шартында стратегиялық, тактикалық дрондардың маңызы артқа түскен сайын, біз қорғаныс мақсатында мұндай дрондарды қайдан болсын алуға міндеттіміз.

2016 жылы Қытайдан алдық, енді Түркиядан қымбатқа сатып алғаннан гөрі өзімізде құрастырсақ, өзіміз пайдаланып, Орталық Азия, Әзербайжан, қажет болса Ресейдің өзіне де сататындай мүмкіндік жасауға болады. Біріншіден, қорғаныс өнеркәсібіне пайда. Екіншіден, экономикалық тиімділігі бар. Ал қалған елдер біршама бейтарап қарауы мүмкін. Қытай дрон өндірісін мейлінше жетілдіріп жатқандықтан, бізде Anka дронының құрастырылғанына теріс көзқарас таныта қоймас.

Азаттық: Anka дронын басқа елдердің дронымен салыстырсақ, олардан қаншалықты мықты я әлсіз?

Амангелді Құрмет: Anka қазір күші жағынан әлемде алдыңғы бестікке кіреді. Мұның алдына АҚШ дрондары ғана түсуі мүмкін. Бірақ Украина, Қытай дрондарымен бәсекелеседі. Anka ұдайы жетіліп жатыр. Ұрыстарда қолданылғандықтан барлау және соққы беру тұрғысынан өзін ақтап жүр. Қытайда да түрлі дрондар бар. Бірақ авиацияға көп көңіл бөле бастады.

Әдетте авиациясы күшті ел салмақты дронға емес, авиацияға салады. Түркияда авиация болғанымен, өз авиациясын өндіріп жатқан жоқ, сондықтан Анкара дрондарға ерекше назар аударып отыр. Ал Ресейде, Азияның басқа елдерінде Anka дронына тең келетін дрон жоқ.

Қазір дронға назар аударып, солардың маңыздылығын арттырып отырған осы елдер – Түркия және қазір соғысып жатқан Украина. Украина күнделікті тәжірибе негізінде дрондар жасап жатыр. Егер Украина қолында жүз дана F-35 деңгейіндегі ұшақтар болса, онда көп дрон жасап әуре болмай сол ұшақтармен-ақ Ресейге көп соққы беретін еді. Ондай мүмкіндік болмаған кезде мейлінше арзан техниканы пайдалануға тырысады. Өйткені қарулану мәселесінде ақша бәрібір өз дегенін істеп тұр.

Түркияның қорғаныс бюджеті қанша көп дегенімен, 921 млрд доллар әскери бюджеті бар АҚШ-пен салыстыруға келмейді. Сондықтан Түркия дронға назар аударады. Бұған қоса, дрон – әскері аз, технологиясы орта деңгейдегі елдер үшін сүйеніш құрал. Сондықтан дрондар Орталық Азия аймағына қажет нөмірі бірінші құрал деуге болады.

Айдар
XS
SM
MD
LG