Accessibility links

Қазақстан Оңтүстік Кореяның шетелдік жұмысшыларды қабылдау жүйесіне қосылды

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан Оңтүстік Кореяда шетелдіктерді заңды түрде жұмысқа орналастыруға мүмкіндік беретін Employment Permit System (EPS) жүйесіне қосылды. Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, қазақстандықтарды осы бағдарлама арқылы жұмысқа қабылдау 2028 жылы басталады деп жоспарланып отыр.

Оңтүстік Корея үкіметі Қазақстанды EPS жүйесіне қатысушы елдер қатарына қосу туралы шешімді 14 тамызда қабылдаған. Қазақстан бағдарламаға толық қосылғаннан кейін оған қатысатын 18-ел болады. Қазір жүйеге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Вьетнам, Таиланд, Филиппин мен басқа елдер кіреді.

EPS — Оңтүстік Кореяның шетелдік жұмысшыларды ресми түрде қабылдайтын мемлекеттік жүйесі. Ол жұмыс күші жетіспейтін салаларға шетел азаматтарын заңды түрде тартуға мүмкіндік береді. Қазақстандықтар E-9 жұмыс визасымен барып, Оңтүстік Корея заңдарына сәйкес ресми жұмыс істей алады.

Алайда қазақстандықтарды бірден жұмысқа қабылдай бастамайды. 2028 жылға дейін Қазақстан мен Оңтүстік Корея тиісті меморандумға қол қойып, Қазақстанда EPS орталығын ашуы керек. Сондай-ақ корей тілінен емтихан өткізетін EPS-TOPIK жүйесі іске қосылмақ.

Жұмысқа барғысы келетін қазақстандықтар бірнеше кезеңнен өтеді. Олар корей тілінен емтихан тапсырып, кәсіби дағдыларын растауы керек және медициналық тексеруден өтуге тиіс. Еңбек министрлігі кандидаттарды іріктеу екі ел бекіткен ресми тәртіппен жүргізілетінін хабарлады.

Қазақстан EPS жүйесіне қосылу жөніндегі келіссөздерді 2023 жылдан бері жүргізіп келеді. 2026 жылғы қаңтарда Оңтүстік Корея сарапшылары Қазақстанға келіп, елдің бағдарламаға қаншалықты дайын екенін тексерген. Олар EPS орталығын ашу, тіл емтиханын өткізу, кәсіби дағдыларды бағалау, медициналық тексеру және жұмысшыларға Корея заңдарын түсіндіру мүмкіндіктерін бағалаған. Қазақстанның Еңбек министрлігінің мәліметінше, Корея тарапы осы тексерістен кейін ел жүйеге қосылуға дайын деп тапқан.

Бұл мәселе Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істейтін қазақстандықтар санының көптігіне байланысты да бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. 2025 жылғы қазанда Қазақстанның еңбек вице-министрі Асқарбек Ертаев Оңтүстік Кореяда жүрген шамамен 15 мың қазақстандықтың 11 мыңы заңсыз жұмыс істейтінін айтқан.

Қазақстан мен Оңтүстік Корея бұған дейін заңсыз жүрген қазақстандықтардың мәртебесін реттеу мәселесін де талқылаған. Қазақстанның Еңбек министрлігі мәліметінше, екі елдің келісімімен заңсыз жұмыс істеген қазақстандықтарға 2025 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы ақпанның соңына дейін айыппұлсыз және елге қайта кіруге тыйым салынбай, Оңтүстік Кореядан өз еркімен кетуге мүмкіндік берілген.

Еңбек министрлігі EPS бағдарламасы ресми түрде басталғанға дейін ақылы түрде "жұмысқа кіргізіп береміз" немесе іріктеуден жылдам өткіземіз деген делдалдарға жүгінбеуге шақырды. Бағдарламаға тіркелу мерзімі, кандидаттарға қойылатын талаптар мен іріктеу тәртібі кейін министрліктің ресми ресурстарында жарияланады.

Айдар
XS
SM
MD
LG