Accessibility links

Қазақстан парламенті сенаты өз тарихындағы соңғы отырысын өткізді

Қазақстан парламенті сенаты. Астана, 17 шілде, 2023 жыл.
Қазақстан парламенті сенаты. Астана, 17 шілде, 2023 жыл.

29 маусым, дүйсенбі күні Қазақстан парламенті сенаты VIII шақырылымның төртінші сессиясын қорытындылаған жалпы отырысын өткізді. Бұл – 1995 жылғы Конституция бойынша құрылған қос палаталы парламенттің сенатының тарихындағы соңғы жалпы отырыс болды.

Сенат депутаттары соңғы отырыста Қазақстан мен Қырғызстанның елшіліктеріне арналған ғимараттар мен жер учаскелерін беру туралы келісімдерді, қазақ-өзбек шекарасындағы өткізу бекеттерінің жұмысына қатысты өзгерістерді мақұлдады. Сонымен бірге бюджет тапшылығын қаржыландыруға арналған халықаралық қарыз келісімдері мен топырақты қорғау туралы заң жобасы қабылданды.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өткен 30 жыл ішінде жоғарғы палата 890-нан астам жалпы отырыс өткізіп, 3,5 мыңнан астам заң қабылдағанын, оның 350-ден астамы депутаттардың бастамасымен әзірленгенін айтты.

"Бүгін Қазақстан Республикасы парламенті сенатының отыз жылдық тарихындағы соңғы отырысы өтті. Ертең екі палатаның бірлескен отырысында кезекті сессия ресми түрде жабылады. 1 шілдеде кеңінен қолдау тапқан жаңа негізгі заңға сәйкес парламенттің өкілеттігі тоқтатылады. Құрылтайға сайлау тамыз айында өтеді. Осылайша, 1995 жылғы Конституция негізінде құрылған қос палаталы парламент өзінің отыз жылдық тарихи миссиясын абыроймен аяқтайды", деді сенат төрағасы.

Әшімбаев өз сөзінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенімі мен қолдауы үшін алғыс айтты. Ол елде жүргізіліп жатқан реформаларды "әділетті Қазақстан" құру жолындағы қадам" деп атап, болашақ Құрылтайдың жұмысы сәтті болатынына үміт білдірді.

Өткен аптада, 26 маусым күні парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс те өз тарихындағы соңғы жалпы отырысын өткізген.

Қазақстанның бір палаталы жаңа парламенті – Құрылтайға сайлауды биыл тамыз айында өтетінін жайлы бұған дейін президент Тоқаев та айтқан. Сәрсенбіден бастап күшіне енетін жаңа Конституцияға сәйкес, Құрылтай депутаттары тек партиялық тізім бойынша сайланады, бұрынғыдай депутаттыққа кандидаттар өзін өзі ұсына алмайды.

Құрылтай сайлауын өткізу туралы ресми жарлық әлі шыққан жоқ.

Айдар
XS
SM
MD
LG