Қазақстан Петропавл ауыр машина зауытының барлық акциясын аукционға шығарды. Бастапқы құны 17,8 миллиард теңге немесе қазіргі доллар бағамы бойынша 39,5 млн доллар. Аукцион 22 қыркүйекте өтеді.
Сауда шартына сәйкес, сатып алушы Петропавл ауыр машина зауытының 31,6 млрд теңге ($70 миллионнан астам) қарызын өтеуі керек. Бұған қоса, сатып алушы кәсіпорынды істету және даму міндеттемесін мойнына алады.
Зауыт 30 маусымда да саудаға шығарылған еді. Ол кезде бағасы 18,79 миллиард теңге ($41,7 миллион) болған. Алайда сатып алушылар болмағандықтан аукцион өткен жоқ. Зауытты 2022, 2023 және 2026 жылдары да сатпақ болған.
Ақпаратқа қарағанда, Петропавл ауыр машина зауытының 75 мың шаршы метр өндіріс алаңы бар, 34 гектардан астам аумағы жалға берілген, 1 270 жабдығы бар. Штатта 473 адам бар болғанмен іс жүзінде 268 адам істейді.
Зауыт 1948 жылы құрылған, 1961 жылы өндіріс линиясы іске қосылған. Кәсіпорын «Точка» және «Точка-У» ракета кешені қозғалтқышының корпусын шығарған.
2003 жылы Петропавл ауыр машина зауыты өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясының құрамына енген.
Қазіргі кезде Петропавл ауыр машина зауыты мұнай-газ, энергетика және темір жол саласында түрлі жабдық және арнайы техника шығарады. Тапсырыс берушілер арасында "Ембімұнайгаз", "Өзенмұнайгаз", "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы, "Қамқор вагон", қорғаныс министрлігі бар.