Accessibility links

Қазақстан Ресейден мал азығын әкелуге уақытша шектеу енгізді

Қазақстан Ресейден келетін ауыл шаруашылығы өнімдері импортына бақылауды күшейтіп, мал азығын, соның ішінде дәнді дақылдар мен өзге де өнімдерді әкелуге уақытша шектеу енгізді.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті (КГИ) Ресейден бірқатар астық дақылдары мен мал азығы өнімдерін импорттауға тыйым салды. Бұл туралы Қазақстанның астық одағы салалық талдау комитетінің жетекшісі Евгений Карабанов хабарлады.

21 наурызда Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдаған құжатқа сәйкес, бидай, қарабидай, арпа, сұлы, жүгері, соя бұршақтары (тұқымнан өзге), сондай-ақ олардың өңделген өнімдері мен мал азығына арналған компоненттерін елге әкелуге шектеу қойылды. Тізімге кебек, крахмал өндірісі қалдықтары және дайын жемдер де енгізілген.

Министрлік мұндай шара Ресейде мал ауруы өршіп, жағдай нашарлауына байланысты ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қабылданды деп түсіндірді.

Құжатқа сәйкес, ел аумағында тыйым салынған өнімдер анықталған жағдайда, олар келген жағына қайтарылуға тиіс. Осыған байланысты өңірлік бөлімшелерге ветеринарлық бақылау органдарымен бірлесіп, әлгіндей жүктерді шекарадан кері қайтару тапсырылған.

Нарық қатысушыларының мәліметінше, қазақстандық теміржол операторы Ресейден келген астық тиелген вагондарды ел шекарасынан өткізбей, кері қайтара бастаған.

Тыйым уақытша енгізілді деп хабарланғанымен, оның нақты қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз.

XS
SM
MD
LG