Accessibility links

Қазақстан Ресейдің Иркутск облысындағы жағдайды "бақылап отырғанын" хабарлады

Ресейдегі обаға қарсы күрес ғылыми-зерттеу институтының зертханасы (көрнекі сурет)
Ресейдегі обаға қарсы күрес ғылыми-зерттеу институтының зертханасы (көрнекі сурет)

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі Ресейдің Иркутск облысындағы жағдайды бақылап отырғанын хабарлады: көрші елде обаға қарсы күрес институтының қызметкері қайтыс болған. Министрлік мәлімдемесінде Қазақстандағы жағдай үнемі бақылауда екені және алдын алу шаралары қабылданып, мемлекеттік шекарадан өткізу бекеттерінде санитарлық-карантин тексерулері жүргізіліп жатқаны айтылған.

Көлікте дене қызуы көтерілген, ауру белгілері бар немесе аса жұқпалы ауруға байланысты күдік тудырған адамдар анықталған жоқ деп хабарлады министрлік.

"Алдын ала бағалау бойынша, инфекцияның Қазақстанға әкеліну қаупі төмен деңгейде қалып отыр. Жағдайға баға беру және қабылданып жатқан шаралар ресми ақпараттың түсуіне қарай нақтыланатын болады. Сапардан кейін ауру белгілері пайда болған жағдайда медициналық көмекке уақтылы жүгініп, дәрігерге болған жеріңіз бен сапар күндері туралы хабарлау қажет" деп мәлімдеді денсаулық сақтау министрлігі.

Көрші Қырғызстанда да шекарадан өткізу бекеттерінде алдын алу шаралары мен санитарлық-карантин бақылауы күшейтілгені туралы хабар тараған.

Ресейдің Иркутск облысының Шелехов қаласында қазан айының басында Обаға қарсы күрес институтының 27 жастағы қызметкері қайтыс болған. Осы оқиғадан кейін Шелехов аудандық ауруханасының бір бөлігі карантинге жабылды. Иркутск облысының билігі аса қауіпті инфекция туралы күдік барын ресми түрде жариялады, бірақ нақты қандай ауру екенін айтқан жоқ.

Қайтыс болған әйелмен байланыста болған 200-ге жуық адам дәрігерлердің бақылауына алынған. Иркутск облысының губернаторы Игорь Кобзев 2 қазанда оларда ауру белгілері байқалмағанын және зертханалық тексеру қорытындысы олардың инфекцияға шалдықпағанын анықтады деп мәлімдеді.

5 қазандағы көпшілікке арналған ақпаратта эпидемиологиялық тегеру жүргізіліп жатқаны айтылған. Түпкілікті диагноз әлі ресми түрде расталған жоқ, әлгі әйелге инфекция қайдан, қалай жұққаны анықталып жатыр. Шелехов аудандық ауруханасында эпидемияға қарсы тиісті шаралар жүргізіліп жатқаны туралы хабар тарады.

4 қазанда Роспотребнадзордың баспасөз қызметі Иркутск облысында, Иркутск қаласында және Шелехов қаласында санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін және оба ауруы тіркелмегенін хабарлады. Иркутск облысында 27 жастағы Дарья Шипилованың ажалына белгісіз этиологиясы бар пневмония себеп болған деп айтылды.

Сибирь.Реалии сайтының дереккөздерінің айтуынша, Обаға қарсы күрес институты қызметкері қайтыс болғаннан кейін ол мекеменің 60-тан астам қызметкері ғимаратта карантинге жабылған.

Ресейде оба ауруы соңғы рет 2016 жылы Алтайда тіркелген.


Айдар
​
XS
SM
MD
LG