Accessibility links

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Захарованың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді

Қазақстан шетелдіктердің елге кіруіне рұқсат беретін QazETA жүйесі туралы ақпаратты Ресейге "дипломатиялық арналар арқылы жіберген". Бұл жөнінде Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мәлімдеді деп хабарлайды Tengrinews.

"QazETA электронды кіру рұқсаты жүйесі Қазақстанға визасыз келу құқығы бар 85 елдің, оның ішінде Ресей Федерациясының азаматтарына қолданылады. Қазір QazETA жүйесі туралы толық ақпарат аталған барлық мемлекетке дипломатиялық арналар арқылы жіберілді", – делінген министрлік хабарламасында.

Электронды рұқсатты рәсімдеу тәртібі туралы ақпаратты Қазақстанның шетелдегі өкілдіктерінің сайттарында және басқа да ақпарат көздерінде жариялау жоспарланған.

"Бұл шетел азаматтарының елге кірудің жаңа ережелерімен уақтылы танысуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ жақын арада Қазақстанның құзырлы органдары Астанада шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері үшін арнайы брифинг өткізіп, QazETA жүйесінің жұмыс тәртібін түсіндіреді", – деп хабарлады Қазақстан сыртқы істер министрлігі.

Бұдан бұрын Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Қазақстаннан шетел азаматтарына, соның ішінде Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше елдердің азаматтарына электронды кіру рұқсатын енгізу тәртібіне қатысты қосымша түсініктеме күтетінін айтқан.

"Біз республиканың ұлттық көші-қон заңнамасын жетілдіруге қатысты егемен құқығын құрметтейміз. Алайда жаңа ережелер Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттердің азаматтарына да қатысты болғандықтан, Қазақстан тарапының оларды қолдану тәртібіне қатысты қосымша түсініктеме бергенін қалаймыз. Бұл ретте одақ аясындағы және Еуразия кеңістігіндегі басқа да көші-қон бірлестіктері шеңберіндегі қолданыстағы халықаралық келісімдер ескерілуі керек", — деді Захарова.

Оның айтуынша, мұндай түсініктемелер азаматтарды алдын ала хабардар етуге, елдер арасындағы кедергісіз сапарларға, еңбек қызметіне, сондай-ақ іскерлік және гуманитарлық байланыстарды дамытуға көмектеседі.

Өткен аптада Қазақстан үкіметі визасыз режим қолданылатын елдердің азаматтарына, соның ішінде ЕАЭО, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) және басқа елдердің азаматтарына электронды кіру рұқсатын (ETA — Electronic Travel Authorization) беру қағидаларын бекітті.

Жүйе 2026 жылғы 1 қарашадан бастап сынақ режимінде іске қосылады. Ал 2027 жылғы 1 шілдеден бастап Ресей мен ЕАЭО елдерін қоса алғанда, визасыз режимдегі барлық мемлекет азаматтары үшін міндетті болады. Рұқсат болмаған жағдайда, олардың Қазақстанға кіруіне жол берілмейді.

Электронды рұқсат жоспарланған сапардан кемінде 72 сағат бұрын рәсімделіп, мемлекеттік шекараны кесіп өтуге алдын ала рұқсат берілгенін растауы керек. Өтінім QazETA ресми сайты немесе платформасы арқылы қабылданады.

ETA рәсімдеу міндетінен 16 жасқа дейінгі балалар мен 65 жастан асқан адамдар, визасы, уақытша тұруға рұқсаты немесе ықтиярхаты бар шетелдіктер, әуежайдың транзиттік аймағынан шықпайтын жолаушылар, дипломаттар мен ресми делегациялар, сондай-ақ халықаралық тасымалдаушылар мен экипаж мүшелері босатылады.

Сарапшылар Астананың QazETA жүйесін енгізу жоспарынан Ресейде Украинадағы соғысып жатқан әскерді толықтыру үшін мобилизация жарияланған жағдайда, Қазақстанға ресейліктердің жаппай келуіне тосқауыл қою ниетін байқаған.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG