Қазақстанда Айтматов туралы фильмнің көрсетілімі кейінге шегерілді

Айтматов фильмінің кадры.
Айтматов фильмінің кадры.

Қазақстанда өткен ғасырдың 30-жылдарындағы Ашаршылық пен қуғын-сүргін тақырыбын қозғаған екі фильмнің көрсетілімі кейінге шегерілді.

Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов туралы түсірілген фильмнің премьерасы 12 қарашадан 3 желтоқсанға ауыстырылды. Фильм авторлары нақты себебін түсіндірмеген. Алайда киносыншылар бұл шешім Ресейдегі цензураға байланысты болуы мүмкін деп болжайды. Бұл туралы Kursiv жазды.

Бастапқыда фильм авторлары Instagram парақшасында премьера белгісіз мерзімге кейінге қалдырылғанын хабарлаған. Бұған өздеріне байланысты емес жағдай себеп болғанын айтты. Ертесінде 3 желтоқсанды премьерасы болады деп хабарлады. Режиссер Қаныбек Қалматов шешімнің себебін ашып айтпай, тек «еңсереміз» (справимся) деп жауап берген.

Киносыншы Дмитрий Мостовойдың болжамынша, премьераның кейінге шегерілуіне Ресейдегі цензура себеп болуы мүмкін. Фильм Ресей кинотеатрларында 4 қарашада көрсетіле бастады. Мостовойдың айтуынша, ресейлік нұсқадан 1930 жылдардағы сталиндік қуғын-сүргін туралы көріністерді, соның ішінде жазушының әкесі Төреқұл Айтматовтың атылуын бейнелейтін эпизодты алып тастауды талап еткен. Алайда бұл көрініс фильмнің трейлерінде бар.

Киносыншы тағы бір ықтимал себеп ретінде Қазақстандағы ірі фильмдердің премьераларымен бәсекелестікті атады. Олардың қатарында Ақан Сатаевтың «Күлпәш» фильмі мен америкалық «Скрудж» фильмдері бар.

Қазақстанда 30-жылдардағы Ашаршылық тақырыбын қозғайтын "Күлпәш" фильмінің де премьерасы да бір аптаға шегерілді. Бұл жөнінде 10 қарашада SATAIFILM хабарлады.

"Қазіргі уақытта барлық қажетті рәсімдерді аяқтау үшін бізге қосымша уақыт қажет болып отыр. Осы маңызды кешті бізбен бірге өткізуді жоспарлаған баршаңыздан шын жүректен кешірім сұраймыз. Түсіністік танытып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғыс білдіреміз" деп жазды кино компания.

Олар премьераның нақты күнін қосымша хабарлайтынын айтты.

Екі фильм де өткен ғасырдың 20-30 жылдардағы Совет кезіндегі ауыр ахуал, Ашаршылық пен қуғын-сүргін тақырыбын қозғайды.

«Айтматов» атты биографиялық драма Қырғызстанда 15 қазанда жарық көрген. Фильмде 1979 жылғы оқиға көрсетілген. Сол кезде жазушы «Ғасырдан да ұзақ күн» романын аяқтаған. Алайда советтік цензураның салдарынан оның жарық көруі қиындайды. Фильмде жазушының сталиндік қуғын-сүргін құрбаны болған әкесі Төреқұл Айтматовтың тағдыры да баяндалады.

Фильмге ресейлік актерлер Сергей Безруков пен Равшана Куркова, соымен бірге қырғызстандық және қазақстандық актерлер түскен. Жоба Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың қолдауымен жүзеге асқан.

Жазушы Бейімбет Майлиннің шығармасы негізінде түсірілген "Күлпәш" фильмі 1930-жылдардағы Ашаршылық кезіндегі қазақ отбасының өмірін баяндайды. Басты кейіпкер – Күлпәш есімді кедей әйел. Ол күйеуі және кішкентай ұлымен бірге аштық, суық пен жоқшылықтың зардабын тартып, күн көруге тырысады. Отбасын асырай алмаған күйеуі бірте-бірте үмітін үзе бастайды.

Жақындарын аштықтан аман алып қалу үшін Күлпәш ауқатты қарттың үйіне баруға бел буады. Осылайша күйеуі мен ұлына жасырын түрде тамақ жеткізіп тұра аламын деп үміттенеді.

Фильмнің өзегінде – ана махаббаты, құрбандығы және жақындарын аман алып қалу үшін жасаған ауыр таңдауы туралы оқиға жатыр.

​
XS
SM
MD
LG