Accessibility links

Қазақстанда аудан және облыстық маңызы бар қала әкімін сайлау тәртібі жойылды

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қазақстанда аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімін тағайындау тәртібін өзгерту жөнінде тиісті түзетулер "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" және "Сайлау туралы" заңдарға енгізілді.

Жаңа түзетулерге сәйкес, аудан әкімдерін сайлау тәртібі жойылды. Енді аудан және облыстық маңызы бар қала әкімін облыс әкімі немесе президент тағайындайды және қызметінен босатады.

Былтыр қараша айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде аудан әкімін сайлау жүйесі алынып тасталуы мүмкін екенін айтып, "бірқатар қоғам қайраткері мен белсенді азаматтар "аудан әкімдерін сайлау қажет пе, жоқ па" деген мәселені қайта қарауды ұсынуда. … Олар елде сайлау тым көбейіп бара жатқанын, жұрт саяси науқандардан мезі бола бастағанын айтуда" деп мәлімдеген еді.

2021 жылдан бастап Қазақстанда аудандық маңыздағы қала, село, ауылдық округ әкімдерін халық тікелей сайлап қоятын жүйе енгізілген. Кейінірек ел президенті облыс аудандары мен облыстық маңызы бар қалалар әкімін тікелей сайлау жүйесін енгізу жөніндегі тиісті түзетулерге қол қойған.

Қазақстанда аудан және облыстық қала әкімдерін тікелей сайлау алғаш рет 2023 жылғы 5 қарашада (пилоттық нұсқада) өткен. 2025 жылдан бастап қалған барлық аудандар мен облыстық қалаларда да сондай сайлау өткізілуі тиіс еді.

Ол кезде Астана мұндай шешімді биліктің шамадан тыс орталықтандырылуына жол бермеу үшін қажет қадам ретінде ұсынған. Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) өз есебінде облыстық маңызы бар қала әкімдерін пилоттық сайлауды өткізу туралы шешімді "Қазақстандағы саяси жаңғырту процесіндегі мақсатты қадам" және "қазақстандық демократияның дамуындағы, азаматтардың саясатқа қатысуын арттырудағы және жалпы саяси мәдениет деңгейіндегі маңызды кезең" деп сипаттаған еді.

Айдар
XS
SM
MD
LG