Accessibility links

"Еркектер күйеу болудың жаңа моделін шығармады". Қазақстанда ажырасу қайта көбейді. Оған не себеп?

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қазақстанда кейінгі бес жылдықта ажырасу коэффициенті төмендей бастаған еді. Бірақ былтыр көрсеткіш қайтадан артқан. Сарапшылар ресми статистика көбіне заңды некені қамтитынын, түрлі себеппен тіркелмеген некелерді қосса, ажырасу көрсеткіштері бұдан да жоғары болуы мүмкін екенін айтады.

ТІРКЕЛГЕН ЖӘНЕ ТІРКЕЛМЕГЕН АЖЫРАСУЛАР

2019 жылы Қазақстанда 60 мыңға тарта ажырасу тіркелсе, 2020-21 жылдары 48 мың, 2022 жылы 44,5 мың, 2023-24 жылдары 40 мың факт тіркелген. Осы жылдары некелесу көрсеткіші де төмендеген. Соған қарап, сарапшылар "неке саны азайып жатқанымен, ажырасу да сиреп келеді" деп жүрді. Бірақ былтыр некеге тұру көрсеткіші төмендеуін жалғастырса, ажырасу деңгейі қайтадан арта түскен. Оған не себеп?

Қазақстандағы ажырасу мен некелесудің жылдар бойынша графикасы.
Қазақстандағы ажырасу мен некелесудің жылдар бойынша графикасы.

Гендер мәселесін зерттейтін әлеуметтанушылар жалпы сандардан гөрі коэффициенттерге басымдық береді. Аймақтарда халық саны әртүрлі болғандықтан, 1000 адамға шаққандағы ажырасу көрсеткіші, яғни, ажырасу коэффициенті трендтерді жақсырақ көрсетеді.

Бірақ ажырасу коэффициенті де жалпы сандардан байқалған трендті қуаттап отыр. 2017-2019 жылдары коэффициент 3-тен жоғары болса, кейін біртіндеп азайып, 2024 жылы 2,01-ге түскен. Ал былтыр қайта артып, 2,24 болған.

Жалпыреспубликалық ахуал осындай. Бірақ деректердің ішіне үңілсек, ауыл мен қала, оңтүстік пен солтүстік арасында алшақтық барын байқайсыз.

2025 жылы ажырасудың республикалық коэффициенті 2,24 болса, қалада 2,63, ауылда 1,58 болған. Аймақтар арасында да алшақтық бар. Шымкент қаласы, Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында коэффициент 2-ден төмен. Ал Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Қарағанды облыстарында бұл көрсеткіш 3-тен жоғары.

Ажырасу коэффициентінің графикасы
Ажырасу коэффициентінің графикасы

Біздің келтіріп отырғанымыз Қазақстан статистика бюросының дерегі. Онда әдетте мемлекеттік мекемелерде тіркелген деректер көрсетіледі. Бірақ елде АХАЖ бөліміне бармай өмір сүре беретін ерлі-зайыптылар бар емес пе? Біреу азаматтық некеде, біреу шариғат некесінде, біреу дінге сілтеп, бірнеше әйел алған. Мұндай қатынаста өмір сүргендер екі жаққа кетсе, оны қай есептен табамыз? Мәдениеттанушы Динара Әбілда осы факторларға сүйеніп, оңтүстікте ажырасу аз немесе ондағы отбасылар берік деп айтарда сақ болған жөн дейді.

– Маған кездескен кейстер бойынша, оңтүстікте некеге бірден тұрмай, құдалық жасап, некесіз жүре беретіндер бар. Ажырасып, баласын тастап кетіп, олар статистикаға кірмей қалған болуы мүмкін. Ол жерде міндетті түрде ажырасу аз деп айта алмаймыз. Одан кейін көзге шөп салуға немесе зорлық-зомбылыққа шыдап жүрген әйелдер де болуы мүмкін. Ондай отбасылар берік бола бермеуі мүмкін, – дейді мәдениеттанушы.

Әлеуметтанушы, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ оқытушысы Татьяна Резвушкина мемлекет статистикасына кірмейтін кейстер барын қуаттайды.

– Мұнда тек ресми статистикалық деректерге сүйенуге болмайды. Өйткені, өкінішке қарай, біздегі статистикалық деректер шала-шарпы жиналады. Ресми деректерде әлі күнге дейін некесіз бірге тұратындар ұғымы жоқ. Біз мұндайды азаматтық неке деп атап жүрміз ғой. Қазақстанның қаншама азаматы осы форматта күн кешіп жүргенін білмейміз. Қазақстанда, әсіресе, батыс аймақтарда кең тараған діни некелер туралы білмейміз. Қалалық урбанизацияланған ортада кең тарап жатқан Бостон некесі – бір-бірімен романтикалық қарым-қатынасы жоқ екі әйелдің бір шаңырақ астында өмір сүруі. Олар осылайша бір-біріне эмоциялық және қаржылай тұрғыда қолдау көрсетіп, тұрмыс шаруасында бір-біріне арқа сүйейді. жайлы білмейміз. Сол себепті ресми статистикаға сену қиындау. Дей тұрғанмен белсенді урбанизация ажырасу мен некелесуге әсер етіп жатқаны рас, – дейді Резвушкина.

Елде ішкі миграцияның әсерінен қала халқының үлесі артып келеді. 2009 жылы урбанизация деңгейі 56 пайыз болса, былтыр 64 пайызға жуықтады. Қазақстанның Орталық Азиядағы көршілерінде туу көрсеткіші жоғары, ал ажырасу аз тіркелгенімен, ол елдерде осы урбанизация деңгейі Қазақстанмен салыстырғанда төмен. Өзбекстанда халықтың 51, Қырғызстанда 38, ал Тәжікстанда 28 пайызы қалада тұрады.

– Қалаға көшкен кез келген адам ол жердің отбасы құруға жайлы орта емес екенін түсінеді. Бірінші мәселе – үй. Мемлекетіміз әлеуметтік тұрғын үйді қанша салса да, әлі де жетіспейді. Әлеуметтік үйдің сапасы төмен, құны қымбат. Екінші мәселе – қауіпсіздік. Қала – бала тәрбиелеу үшін қауіпті орта. Жақсы аудан таңдауыңыз керек, ал жақсы ауданда үй қымбат. Балабақша, мектеп, жолайырығы және өзге де нәрселер керек. Өкінішке қарай, бұл тұрғыдан Астана да, Алматы да мақтана алмайды. Сол себепті неке жасындағы жас адам қалаға келгенде бейімделуге 10-15 жыл уақыт керегін түсінеді. Отбасы мен некені кейін ойластырармын дейді, – дейді Татьяна Резвушкина.

АЖЫРАСУДЫҢ СЕБЕПТЕРІ

Қазақстанда некелесу расымен де азайып жатыр. 2010 жылдардың басында жыл сайын 160 мыңнан астам неке қиылған. 2013 жылы тіпті 170 мыңға жақындаған. Бірақ содан кейін бұл көрсеткіш төмендеп келеді. Былтыр 116 мың ғана неке тіркелген. Осы ретте ел арасында статистиканы қате түсіну жағдайларын атап өткіміз келеді. Мәселен, 2023 жылы 120 мың неке, 40 мың ажырасу тіркелген. Жұрт осыған қарап, әрбір үш некенің бірі ажырасумен аяқталады деп дабыл қағып жүрді. Бұл, әрине, қате. Себебі ажырасқанның бәрі бірдей сол жылы үйленбеген болуы мүмкін.

Некелесу динамикасы
Некелесу динамикасы

Десе де некенің алғашқы жылдарында ажырасу ықтималдығы жоғары. Статистика бюросының мәліметінше, ажырасудың 35 пайызы бір жылдан төрт жылға дейінгі аралықта болады. Бір шаңырақ астында 5-9 жыл тұрғандар арасында бұл көрсеткіш 24 пайыз. Ал үйленгеннен кейінгі бір жыл ішінде болатын ажырасудың үлесі 8 пайыз.

ТУЫСТАРДЫҢ ҚОЛ СҰҒУЫ

Мәдениеттанушы Динара Әбілданың сөзінше, жас отбасыдан бірден бала табуды талап ету неке тұрақсыздығына әкелетін бір фактор екенін айтады.

– Антропологтардың қарастыруы бойынша, үйлену деген жалпы әйел адамның сексуалдығына, оның бала тууы репродукциясына иелік ету құқығының берілуі ғой. Сол сияқты қазақтарда қыз бала әйел болып күйеуге шыққаннан кейін бірден бала көтеруі керек. Ал бұл кей жағдайда екі жұптың қарым-қатынасының нығаюына кедергі келтіріп жатады. Өйткені олардың қарым-қатынасы әлі дұрыс емес, екінші жағынан экономикалық фактор да бар. Әйел адам декретте отырып ақша табушы күштен айырылып жатады. Сол себептен де осындай көптеген факторлар некенің тұрақсыздығына, ажырасуларға алып келеді, – дейді ол.

Ал әлеуметтанушы Татьяна Резвушкина негізгі факторлар қатарына туыстар мәселесі мен аддикцияны жатқызады.

– Социологиялық зерттеулер туыстардың ықпалы дейтін маңызды фактор барын көрсетіп отыр. Дәстүрлі қазақ отбасында енелердің ықпалы зор екенін білеміз. Ене мен келін қарым-қатынасы текетіреске толы. Бұл, әсіресе, келін мұрагерді дүниеге әкеле алмаса күшейеді. Екінші маңызды фактор – аддикция. Яғни ішімдікке, есірткіге тәуелділік. Бүгін оған лудомания қосылып отыр. Тағы бір фактор – отбасылық өмір туралы иллюзиялық түсінік. Ол түсінік тұрмыстық қиыншылықпен бетпе-бет келгенде, жанжал туып, мұндай өмірдің қажеті не деген сұрақ туады, – дейді ол.

Қазақстан қоғамдық даму институты да 2024 жылғы есебінде ажырасудың негізгі себептеріне алкоголизм мен нашақорлықты, тұрмыстағы зорлық-зомбылықты және лудоманияны жатқызған.

ЭМАНСИПАЦИЯ

Қазақстан қоғамдық даму институтының жазуынша, жоғары білімі бар әйелдер арасында ажырасу үлесі орта білімді әйелдер арасындағы көрсеткіштен екі есе жоғары.

– Өте білімді, экономикалық тұрғыда тәуелсіз қазақстандық қыздар "осы неке маған не береді?" деп ойланады. Яғни, экономикалық одақ болудан қалып, тең құқылы қатынасқа ұласып барады. Құндылықтар жүйесінде еркек не істеуі керек, әйел не істеуі керек деген дүниелер өзгеріске ұшырап жатқанын мойындауымыз керек. Әйелдер осы тең құқылы қатынасқа ойысып жатыр, ал ерлерде бұл мәселе әлі сұрақ тудырып отыр. Ер адамдар күйеу болудың жаңа моделін шығарған жоқ. Олар бұрынғыша асыраушы рөліндегі дәстүрді ұстанады. Бүгінгі заманауи, білімі бар, мансапқа ден қойған қызға мұның бәрі керек емес, ол өз-өзін асырай алады, - дейді Резвушкина.

Ажырасу адамдардың жеке мәселесі болғанымен, мұндайда көбіне балалар жапа шегеді. Кейде олар бір-біріне кек сақтап кеткен ересектердің құралы болып жатады. Оның үстіне ажырасудың көп болуы мемлекетке де тиімсіз.

– Күйеуінің тұрақты табысы жоқ. Ол алимент төлей алмайды. Баланың анасы жұмысқа шығуға мәжбүр, бірақ жалақысы төмен, өйткені белгілі бір уақыт декреттік демалыста болғаннан кейін ол нарық үшін тартымды болмауы мүмкін. Сөйтіп ол мемлекетке жүгінеді. Көмектесіңдер, жәрдемақы беріңдер дейді. Мемлекет оларға "енді өздерің неке құрдыңдар, бала таптыңдар, барлық жағдай жасалды ғой, неге көмек сұрайсыңдар?" дейді. Жалпы алғанда, мемлекетке қалыпты типтегі некелер тиімді. Ондай отбасылар бір бала табады, екі-үш жылдан тағы да сәбилі болады, мемлекет ұсынатын нәрселерді тұтынады. Бұл модельден шығып қалған адам мемлекетке тиімсіз, – дейді Резвушкина.

Айдар
XS
SM
MD
LG