Қазақстан бас прокуратурасы әзілкеш Нұрлан Сабыровты "жалдамалылық" бабы бойынша тексеруі мүмкін. Бұл жөнінде бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев мәлімдеді.
Қазақстан заңнамасы бойынша, шетелдегі қарулы қақтығысты қаржылай қолдағандар қылмыстық жауапқа тартылады. Бұл бап бойынша 12 жылға дейін түрме жазасы қарастырылған.
Ақпарат құралдарының жазуынша, тексеріске Истра қаласының басшысы Татьяна Викушеваның 2025 жылы жазда жариялаған телеграм-жазбасы түрткі болған. Онда Истра ауданында тұратын Сабыров соғысқа 10 мотоцикл жібергені жазылған.
"Ресей қаһарманы Ратибордың қарамағындағы "Вагнер Истра Легионы" жауынгерлеріне қуатты 10 питбайк жіберіліп жатыр. Командир, көліктерді қабылдап алыңыз" деп жазды Викушева.
Қазір жазба өшірілген, алайда оның көшірмесі пабликтерде сақталған.
- Биыл 6 ақпанда Нұрлан Сабыров Мәскеудің Внуков әуежайында тоқтатылып, Ресейге кіруге 50 жылға тыйым салынған еді. Әзілкеш Қазақстанға оралып, әлеуметтік желідегі барлық жазбаларын өшіріп, оқиғаға түсініктеме беруден бас тартты. Оның сөзінше, мәселемен заңгерлер мен құзырлы органдар айналысып жатыр.
- Сабыровтың танысына сүйенген "Важные истории" жазуынша, ФСБ-ның конституциялық құрылысты қорғау мен терроризммен күрес жөніндегі қызмет және оның басшысы Алексей Жало тыйым салған. Бұған әзілкештің қалжыңымен қатар ФСБ-мен әріптестік орнатуға ықылассыздығы түрткі болған.
- Қазақстан азаматтығы бар Сабыров соның салдарынан Ресейден ықтиярхат ала алмаған деді дереккөз. Әзілкештің танысының айтуынша, Сабыров өзінің "ресейшіл ұстанымын" көрсету үшін екі миллион рубль ақшаны "всё для победы" қорына жіберіп, 10 мотоциклды соғысқа берген. Алайда арнайы қызметтің шешіміне бұл әсер етпеген.