Accessibility links

Биыл 1-сыныпқа қабылданған балалардың 71 пайызы қазақ тілінде білім алмақ

Қазақстандағы мектептердің біріндегі сабақ (көрнекі сурет)
Қазақстандағы мектептердің біріндегі сабақ (көрнекі сурет)

Қазақстанда биылғы жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа қабылданған оқушылардың басым бөлігі қазақ тілінде білім алады. Сонымен қатар мектеп бағдарламасына жаңа міндетті пәндер мен оқушыларды бағалау жүйесіне өзгерістер енгізілмек. Бұл туралы 18 тамызда Астанада өткен үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты.

Министрлік мәліметінше, биыл бірінші сыныпқа 380 мыңнан астам бала қабылдау жоспарланған. Қазіргі кезге дейін оқуға құжаты қабылданғандардың 71,1 пайызы қазақ тілінде білім алуды таңдаған. Ал 26,6 пайызы орыс тілінде оқытатын сыныптарға бармақ, қалған 2,3 пайызы басқа тілдерде оқитын болады. Бірінші сыныпқа құжат қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады.

2026–2027 оқу жылынан бастап Қазақстанда мектеп бағдарламасына бірнеше жаңа міндетті курс қосылады.

  • 5–7 сыныптарда – "Конституция негіздері";
  • 8–11 сыныптарда – "Заң және тәртіп";
  • 5–11 сыныптарда – "Жеке қауіпсіздік" пәні міндетті түрде оқытылады.

Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылған "Құқық негіздері" енді барлық оқушы үшін міндетті пәнге айналады. Министрдің айтуынша, пәннің мазмұны жаңартылып, жаңа Конституция қағидаттарына сәйкес бейімделген.

Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Шынар Ақпарованың айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап мектеп оқушыларына сабақ барысында смартфон пайдалануға тыйым салынады. Тек оқу бағдарламасында арнайы қарастырылған жағдайларда ғана қолдануға болады деген ереже енгізіледі.

Айдар
XS
SM
MD
LG