Қазақстанда Қызылорда – Сексеуіл, Ұлғайсын – Сексеуіл және Бейнеу – Сексеуіл автожолдарының құрылысы басталды. Жоба Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау және Құрық порттарымен байланыстырады деп хабарлады Ақорда 3 тамыз күні.
Билік жаңадан салынатын жолдар Қытайдан Еуропаға дейін жүк тасымалдау ұзақтығы 1 мың шақырымға, ал жүк жеткізу мерзімі 3 тәулікке дейін қысқартуға мүмкіндік береді дейді.
Дүйсенбі күні жол құрылысын бастау рәсіміне телебайланыс арқылы қатысқан ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жобаның мақсаты – Қазақстанды Еуропа мен Азияны байланыстыратын жетекші логистикалық хабқа айналдыру деп мәлімдеді.
"Біздің мақсатымыз – Қазақстанды Еуразиядағы негізгі транзит хабы ретінде дамыту. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Баршаңызға белгілі, еліміз Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі көпір саналады. Батыс пен Шығыс арасында құрлықпен тасымалданатын жүктің басым бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. Сондықтан озық және заманауи көлік жүйесін қалыптастыру – алдымызда тұрған стратегиялық міндет", – деді Тоқаев.
Қазақстан президенті құрылысы жаңадан басталған жол елдің аймақтары арасындағы байланысты нығайта отырып, Қытай мен Еуропаны жалғайтын "алтын көпір" ретінде қызмет етеді деп мәлімдеді.
"Бейнеу – Сексеуіл" бағыты республикалық, аймақтық, құрлықтық деңгейдегі маңызды жол болары анық. Сондықтан бұл жолды "Арал-Каспий магистралі" деп атаған дұрыс, – деді Тоқаев.
Бұған қоса ол жалпы ұзындығы 774 шақырым болатын Қызылорда – Сексеуіл, Ұлғайсын – Сексеуіл жолдарын қайта жаңғырту және өткізу қабілетін арттыру жұмыстары басталды деп жариялады.
Ақорда жобаларды қазақстандық компаниялар іске асыратынын, 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылатынын хабарлады.
Магистральдар пайдалануға берілгеннен кейін жүк ағынын 2,5 есеге арттырып, жылына 13,2 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр.
Тоқаев бүгін басталған жобалардың бәрі 2029 жылдан кешіктірілмей аяқталуға тиіс деп мәлімдеді.
Жер көлемі бойынша әлемде 9-орында тұрған Қазақстанда ірі қалалар бір-бірінен өте алыс орналасқан. Жергілікті халық пен туристер елдің өңірлерін жалғастыратын жолдардың сапасы сын көтермейтінін жиі айтады.