Құқық қорғау ұйымдары Қазақстанда саяси тұтқындар тізіміне тағы үш адамды қосты. Құқық қорғаушылардан құралған сарапшылар кеңесі бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцов, қызылордалық белсенді Гүлназ Серікбаева және семейлік белсенді Нұржан Сембаевты "саяси тұтқын" деп таныды. Кеңестің 4 қараша күнгі шешімін "Ар.Рух.Хақ" қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина жариялады.
Иаков Воронцов – орыс православ шіркеуінің бұрынғы діни қызметкері. 2022 жылы Ресейдің Украинаға қарсы соғысына ашық қарсылық білдіріп, Қазақстанда Мәскеу патриархатына бағынбайтын, өзін-өзі басқаратын дербес православ діни бірлестігін құруды қолдады. 2023 жылы тамызда Орыс православ шіркеуінің соғысты қолдауын сынаған әлеуметтік желідегі жазбаларына байланысты оған ұлтаралық араздықты қоздыру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. 2025 жылғы мамырда қылмыс құрамы болмағандықтан іс тоқтатылды.
Биыл ақпанда есірткі бабымен ұсталды. Қазанда Алматы қаласы Медеу ауданының соты оны төрт жылға түрме жазасына кесті. Бұрынғы діни қызметкерге "Есірткі заттарын сату ниетімен заңсыз өндіру, өңдеу, сатып алу, сақтау немесе тасымалдау" бабымен айып тағылған. Жақтастары және Воронцовтың өзі істі өзінің ұстанымымен байланыстырған. Қорғаушылары оның табылған затты сатып алуға және сақтауға қатысы барын дәлелдейтін айғақтар жеткіліксіз екенін мәлімдеген.
Воронцов қамауда болған кезде оны мәжбүрлеп емдеуге Алматы облысындағы психиатриялық ауруханаға бір айға жатқызды. Сол кезде қазақстандық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы дәрігерлер Воронцовтың денсаулығынан ешқандай психикалық ауытқу таппады деп хабарлаған. Кейін оны қайтадан тергеу абақтысына ауыстырған.
Гүлназ Серікбаева — Қызылорда қаласындағы азаматтық белсенді, Қытайдағы қазақтардың құқығын қорғаумен айналысатын «Атажұрт» ұйымының мүшесі. Құқық қорғаушылардың айтуынша, 2024 жылы мамырда әлеуметтік желіде "жалған ақпарат таратты" деген айып бойынша оған қатысты әкімшілік іс құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан тоқтатылды.
Биыл ақпанда саяси тұтқын Марат Жыланбаевты қолдап, жазба жариялағаны үшін Гүлнәз Серікбаева 10 тәулік әкімшілік қамауға алынды. Наурызда Facebook-тегі жазбаларына байланысты оған "ұлтаралық араздықты қоздыру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу изоляторына қамалды. Қамауда отырған кезінде өзіне қол жұмсауға талпынғаны жайлы ақпарат тарады.
2 шілдеде Қызылорда соты Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі бойынша Серікбаеваны 3 жылға бас бостандығынан айырды. Сотта белсенді тағылған айыптарды мойындамай, конституциялық құқығын пайдаланып, пікір білдіргенін айтты.
Семейлік белсенді, суретші Нұржан Сембаев 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде қаладағы алаңда болған. Оған "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" және "ғимараттарға шабуыл жасады" деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. Сол жылы желтоқсанда қылмыс құрамы болмағандықтан іс тоқтатылды.
2023 жылы ол заңсыз қамауда отырғаны үшін өтемақы талап етіп, сот арқылы мемлекеттен 2 миллион теңге өндіріп алды. 2024 жылы мамырда оны Қаңтар оқиғасына қатысты іс бойынша қайта ұстап, жауап алған.
2026 жылғы 3 ақпанда Сембаев жұмыс орнында ұсталды. Оған "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" және "экстремистік ұйымды қаржыландыру" баптары бойынша айыптар тағылды.
2026 жылы 22 шілдеде Семей қаласының соты Нұржан Сембаевты 6 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар оған 3 жыл бойы қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салды.
Елдегі саяси қудалау туралы жазатын Tirek.info сайтының мәліметінше, Қазақстанда жаңа қосылған үш адамды қосқанда 35 саяси тұтқын бар. Олардың арасында Марат Жыланбаев, Думан Мұхаммедкәрім, Әйгерім Тілеужан, Бекзат Мақсұтхан, Махамбет Әбжан, Амангелді Жахин, Ермек Нарымбаев және өзге де азаматтар бар.
Қазақстан билігі елде саяси қудалау барын жоққа шығарады.
"Саяси қудалау бар деп айту үшін цензура, арнаулы заңдар мен жазалаушы органдар болуы керек. Қазіргі Қазақстанда мұның ешқайсысы жоқ. Біздің заңнамамызда азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ" деген еді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы қаңтарда үкімет қаржыландыратын "Егемен Қазақстан" газетінде жарық көрген сұхбатында.