Accessibility links

Қазақстанда тағы бір жолаушы пойызына әйелдерге арналған жеке вагон қосылады


Қазақстандағы темір жол вокзалында жолаушы пойызына қарап тұрған қыз (rail-news.kz сайтындағы фото)
Қазақстандағы темір жол вокзалында жолаушы пойызына қарап тұрған қыз (rail-news.kz сайтындағы фото)

Биыл 1 маусымнан бастап №614/613 "Орал – Маңғыстау" бағытындағы жолаушы пойызына әйелдерге арналған жеке вагон қосылады. Бұл жаңалықты "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы "Жолаушы тасымалы" еншілес кәсіпорнының баспасөз қызметі хабарлады.

Осылайша елде құрамында әйелдер вагоны бар жолаушы пойыздарының саны 12-ге жетпек, олар мыналар:

  • №77/78 "Алматы – Маңғыстау";
  • №351/352 "Алматы – Өскемен";
  • №45/46 "Павлодар – Түркістан";
  • №37/38 "Маңғыстау – Семей";
  • №47/48 "Атырау – Астана";
  • №33/34 "Ақтөбе – Алматы";
  • №4/3 "Астана – Алматы";
  • №71/72 "Астана – Шымкент";
  • №354/353 "Астана – Семей";
  • №24/23 "Ақтөбе – Алматы";
  • №25/26 "Алматы – Шымкент";
  • №614/613 "Орал – Маңғыстау".

Қазақстанда жолаушы әйелдерге арналған жеке вагондар алғаш рет 2021 жылы пайда болды. Ондай бөлек вагон енгізуге 2018 жылы қоғамда резонанс туғызған қылмыс оқиғасы – "Тұлпар-Тальго" жолаушы пойызында екі жолсеріктің 35 жастағы жолаушы әйелді купеде зорлағаны түрткі болған. 2019 жылы сот әлгі екі жолсерікті "зорлау" қылмысына айыпты деп танып, әрқайсын бес жылға бостандығынан айыруға үкім шығарған. Үкім тым жеңіл деп наразы болған қоғам белсенділері судьяның отставкаға кетуін талап еткен.

Әйелдерге арналған вагондарға жасы жетіден асқан ер жолаушының кіруіне тыйым салынады. Ондай вагонда тек әйел жолсеріктер жұмыс істейді.

Жолаушы пойызының әйелдерге арналған вагонына билетті онлайн сатып алған кезде "ЖН" (әйелдер вагоны) деген аббревиатура болуына назар аудару қажет деп еске салады "Жолаушы тасымалы" компаниясы.

XS
SM
MD
LG