Қазақстанда 2028 жылдан бастап ұл балаларды адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы егу жоспарланып отыр. Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі хабарламасына сүйеніп "Курсив" басылымы жазды.
Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, АПВ-ға қарсы вакцина егу бірқатар аурудан, соның ішінде жыныс мүшесі, тік ішек қатерлі ісіктері мен өзге де онкологиялық аурулардан қорғайды. Комитет ұлдарды вакцинациялау вирустың таралуын азайтып, әйелдерді де жанама түрде қорғайды деп түсіндірген.
Денсаулық сақтау министрлігі былтыр АПВ-ға қарсы вакцина салу аясы кеңейтілетінін, оған 11 жасар ұл балалар да қамтылатынын хабарлаған.
Биыл мамырда министрлік енді АПВ-ға қарсы екпе 14-17 жас аралығындағы қыз балаларға да тегін түрде салынады деп хабарлаған.
Министрлік дерегінше, 2026 жылдың мамыр айына дейін елде 11-13 жас аралығындағы 398 мың қыз балаға профилактика мақсатында екпе салынған. Комитет 18 жастан асқан қыздарға тегін вакцина салу көзделмегенін хабарлады.
Ата-аналардың қалауы бойынша екпені бала тіркелген жердегі емханадан да алуға болады.
Адам папилломасы вирусы – жатыр мойны обыры, жыныс мүшелері қатерлі ісігінің дамуына себеп болатын вирус. Оның 200-ден аса түрі бар.
Қазақстанда жатыр мойны қатерлі ісігінен жыл сайын 600-ге жуық әйел қайтыс болса, осы дертке шалдыққан 1900-ға жуық науқас тіркеледі.