Қазақстанда заң жобасын әзірлеуге ЖИ алғаш рет қолданылды

Қазақстанда "Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы" заң жобасы жасанды интеллектінің көмегімен әзірленді.

Құжатты дайындау барысында депутаттар заңнаманы талдауға қабілетті моделі бар AI-Quryltai платформасын пайдаланған. 120-дан астам түзету қамтылған заң жобасында онлайн-платформаларға, түрлі ойындар мен маркетплейстерге қойылатын жаңа талаптар қарастырылған.

Қазақстандық басылымдар заң жобасының әзірленгені туралы 16 қарашада парламенттегі үкімет сағатында Құрылтай төрағасының орынбасары әрі Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева хабарлағанын жазды.

Оның айтуынша, бұл – Қазақстанда мәтіні зияткер платформаның көмегімен түзілген алғашқы заң жобасы. AI-Quryltai балаларға цифрлық ортада төнетін қатерлерді, азаматтардың өтініштерін, ата-аналар мен сарапшылар көтерген мәселелерді, сондай-ақ халықаралық тәжірибені саралауға септескен.

Платформаға 800 мыңнан астам нормативтік-құқықтық актілер базасымен жұмыс істейтін арнайы оқытылған заң моделі кіріктірілген. Бұл модель заңға енгізілетін түзетулер мәтінін дайындау кезінде тікелей қолданылған.

Әйткенмен түпкілікті шешім қабылдауға келгенде депутаттар жасанды интеллектіге көзсіз сенім артпай, ол ұсынған барлық норманы заңгерлермен және цифрлық, ақпараттық қауіпсіздік мамандарымен бірлесіп тексеріп, пысықтаған.

Негізгі бастамалардың бірі – цифрлық өнімдерді, қосымшалар мен онлайн-ойындарды таңбалау міндеттелмек. Өнімдер мен ойындарды әзірлеушілер және платформалар кәмелетке толмаған балаларға төнуі мүмкін қауіп-қатерлерді көрсетуге міндетті болады. Мысалы, олар ойын ішінде сатылатын өнімдер бар-жоғы, қолданушылар арасында хат алмасу мен сөйлесу мүмкіндігі және контенттің өзге де ерекшеліктері жайлы ескертуге тиіс.

Заң жобасында цифрлық өнімдерді уәкілетті мемлекеттік орган міндетті түрде тексеретіні де жазылған. Заң бұзу немесе қауіп-қатерлер анықталған жағдайда, билік қосымшалар мен ойындарға шектеу қоюға, оларды жоюды талап етуге немесе бұғаттауға құқылы болмақ.

Бұған қоса маркетплейстерге, соның ішінде кәмелетке толмағандар жасайтын сауда-саттық бөлігіне қатысты жекелеген талаптар енгізу жоспарланып отыр.

Тағы бір ұсыныс – цифрлық платформаларда ата-ана бақылауын енгізу. Яғни балалар таңбаланбаған және мемлекеттік тексеруден өтпеген қосымшаларды, ойындар мен өзге де цифрлық өнімдерді көре де, жүктей де алмайтын болады.

Бұдан бөлек, заң жобасында баланың фотосуреті бар ID-карталар енгізу қарастырылған. Бұл құжаттар 18 жасқа толмағандарды цифрлық сүйемелдеу жүйесінің бір бөлігіне айналуға тиіс. Жобаны әзірлеушілердің пікірінше, мұндай жаңашылдық мемлекеттік қолдау шаралары мен балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды өзара үйлестіруге мүмкіндік бермек.

Заң жобасы үкіметтің қорытындысын алуға жолданып, кейін Құрылтайдың жұмыс тобында қаралады.

​
XS
SM
MD
LG