Қазақстанда азаматтарға eGov Mobile қосымшасы арқылы мемлекеттік жәрдемақыдан өз еркімен бас тартуға мүмкіндік беретін сервис әзірленді. Жобаны еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев премьер-министр Олжас Бектеновпен өткен үкімет отырысында таныстырды.
Ертаевтың айтуынша, SMS-хабарламалардан кейін 200-ден астам қазақстандық жәрдемақыға мұқтаж емес екенін мәлімдеп, төлемдерден бас тартуға дайын екенін білдірген. Осыған байланысты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ауқатты азаматтарға мемлекеттік органдарға бармай-ақ, жәрдемақыдан онлайн бас тартуға мүмкіндік беретін сервис әзірлеген.
Олжас Бектенов азаматтарға отбасының әл-ауқат деңгейін анықтауға көмектесетін калькулятор әзірлеуді тапсырды. Есептеуге қажетті деректер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынбақ.
Үкімет сонымен бірге еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, екінші деңгейдегі банктерді «Отбасының цифрлық картасы» жүйесіне қосуды жеделдетуді де тапсырды.
Бектенов мемлекеттік қолдау шараларының ашық есебін жүргізіп, олардың нақты нәтижелерін бағалаудың маңызын атап өтті.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік қолдаудың негізгі он түрін тағайындау тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Олардың қатарында жөргекақы, асыраушысынан айырылу және мүгедектікке байланысты жәрдемақылар бар.
Бұл төлемдерді тағайындау кезінде отбасының әл-ауқат деңгейі ескерілмек. Егер жәрдемақы алуға үміткер адамның отбасы ауқатты деп танылса, ол мемлекеттік жәрдемақы алу құқығынан айырылуы мүмкін.
Бектеновтің айтуынша, осы өзгерістердің нәтижесінде билік 2027 жылы – шамамен 700 млрд теңге, ал үш жыл ішінде 2,5 трлн теңгеге дейін үнемдеуді көздеп отыр.
Алдағы өзгерістерге байланысты әлеуметтік желілерде жаңа талаптардың жұмыс істейтін азаматтарға да қатысы бар-жоғы жөнінде сұрақтар туындады. Атап айтқанда, еңбекке жарамдылықтан айырылу, жүктілік және босануға байланысты төлем алатын адамдардың жағдайы талқыланды.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (МӘСҚ) мәліметінше, қордан төленетін әлеуметтік төлемдер жәрдемақылармен бірдей критерийлер бойынша тағайындау жоспарланып отырған жоқ.
Жәрдемақылар республикалық бюджеттен қаржыландырылады және белгіленген талаптарға сай азаматтарға беріледі. Ал МӘСҚ төлемдері жұмыс берушілердің қызметкерлері үшін аударатын міндетті әлеуметтік аударымдары есебінен қалыптасады. Мұндай төлемдерді міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары алуға құқылы.
Осылайша ресми түрде жұмыс істейтін азаматтар отбасының әл-ауқат деңгейіне қарамастан, МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем ала алады.
Қордың дерегінше, 2025 жылы МӘСҚ-тан 1,3 миллионнан астам адамға әлеуметтік төлем төленген. Оларға төленген қаражаттың жалпы көлемі 922,4 млрд теңге.