Accessibility links

Қазақстанның түрлі өңірінде "Атажұрт" өкілдерінің полицияға шақырылғаны хабарланды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қазақстанның бірнеше өңірінде “Трамп, Қазақстанға назар сал!” деген жазуы бар плакатпен суретке түскен азаматтар полицияға шақырылған. Құқық қорғау орган өкілдері олардан жазбаларын өшіруді талап еткен.

Алматы облысының тұрғыны Ғалым Рақыжанның сөзінше, 16 қаңтарда кешке Талғар аудандық полиция басқармасынан хабарласып, жазбаны өшіруді сұраған.

“Соны өшіріп тастаңыз. Өшіргеніңізді скриндап, маған жіберсеңіз, әрі қарай мазаламаймыз дейді. Мен кейін хабарласып, “не үшін өшіруім керек?”, “ол қандай заңға қайшы?” десем, “сіз полицияға келіңізші, сол жерде түсіндіреміз” деп айтты” деді Ғалым Рақыжан.

Оның сөзінше, Жамбыл ауданында тұратын ата-анасына да полиция барып “ұлыңыз жазбасын өшірсін, ол ауылға кір келтіріп жатыр” деп айтқан.

Маңғыстау облысында да Есберді Асауов есімді азамат сондай жазбасы үшін өзін полицияға шақырғанын, бармаған жағдайда күштеп жеткізетіні ескертілгенін айтты.

Әзірге полиция түсініктеме бермеді.

Бұған дейін Түркістан облысында "Трамп, Қазақстанға назар сал" деген жазуы бар плакатты ұстап түскен суретін жариялаған Бағдат Тоғыспаев есімді азамат бес күнге қамалған. Ресми ақпарат бойынша, оған белсендінің былтыр қазанда салынған айыппұлды төлемегені себеп болған.

Қамауда отырған "Атажұрт" белсенділерін босатуды талап еткен әлеуметтік желідегі акция келесі аптада Талдықорғанда басталатын сот қарсаңында жүріп жатыр. “Атажұрттың” 19 белсендісіне “ұлтаралық алауыздық қоздыру” бойынша айып тағылған.

14 қаңтар күні Халықаралық Human Rights Watch ұйымы Қазақстан билігін Қытай билігінің Шыңжаңдағы қиянаттарына бейбіт түрде қарсылық білдірген 18 қазақстандық белсендіге (айыптау актісіне қарағанда олардың саны 19 - ред.) тағылған айыпты алып тастауға үндеді. Құқық қорғау ұйымы өз үндеуінде "Нағыз Атажұрт" еріктілер тобы мүшелері пікір айту еркіндігі құқығын жүзеге асырғаны үшін 10 жыл түрмеге кесілуі мүмкін екенін жазды.

"Атажұрт" қозғалысы 2010 жылдардың аяғында Қытайдың Шыңжаң өлкесінде түркітілдес мұсылман халықтары қысым көріп жатқаны белгілі болғанда пайда болған. Қозғалыс мүшелері туыстары Қытайда қамауға алынған азаматтарға құқықтық қолдау көрсетіп, оларды босату жөнінде науқан бастаған. Кейін ішкі келіспеушілікке байланысты ұйым екіге бөлініп, белсенді Серікжан Біләш бастаған топ өздерін "Нағыз Атажұрт" деп атады.

2019 жылы Біләшқа қарсы "әлеуметтік алауыздық қоздыру" және "өзінше билік ету" баптары бойынша іс қозғалған. Сотта процестік келісімге келіп, оған 7 жыл қоғамдық ұйымға жетекшілік етуге тыйым салынды. 2021 жылы белсенді Стамбұлға кетті. Сол кезде Алматы қаласы Алатау аудандық пробациялық бақылау қызметі Серікжан Біләшұлын ескертусіз шетелге кетті деп, іздеу жариялау үшін сотқа өтініш түсірді. Бірақ сот ол өтінішті қанағаттандырған жоқ. Қазір ол АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұрады.

Қазақстанда "Атажұрт" белсенділері саяси партия құруға да талпынған. Бірақ әділет министрлігі бастамашыл топтың ұсынған тізімі "Саяси партиялар туралы заңның" 8-бабындағы талаптарға сай емес деп, тіркеуден бас тартқан.

XS
SM
MD
LG