Accessibility links

Қазақстанның түрлі өңірінде ұсталғандар кемінде 15 адамға жетті


Полиция көліктері. Көрнекі сурет.
Полиция көліктері. Көрнекі сурет.

Қазақстанның түрлі өңірінде ұсталғандар кемінде 15 адамға жетті.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина жариялаған тізімде Астана, Семей, Орал, Екібастұз, Петропавл, Көкшетау және өзге де қалаларда ұсталған 15 адамның аты-жөні бар. Кемінде 10 адам 6-15 тәулікке қамалған. Кейбіріне айыппұл салынған.

Кейбір белсенділер бүгін үйлерінің маңын полицияның торуылдап жүргенін, сыртқа шыға алмай отырғанын хабарлады.

Бұған дейін шетелде жүрген экс-банкир Мұхтар Әблязов жақтастарын митингіге шығуға шақырған. Полиция ұстауларға түсініктеме бермеді. Осыған дейін полицияның “күшейтілген режимге көшірілгені” белгілі болған.

Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Ізінше "Көше партиясы" ұйымы да елде тыйым салынған ұйымдар қатарына енген. Десе де, Еуропарламент аталған екі қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.

  • Оппозиция митинг өтеді деп алдын ала белгілеген күннің қарсаңында белсенділерді полицияға шақырту, ұстап әкету, қамау – Қазақстанда авторитар жүйе орнықтырған бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев билігі тұсында үнемі қайталанатын жағдайға айналған. Биыл тамызда Марат Жыланбаевтың туған күніне орай марафон өтеді деген күні Қазақстанның түрлі өңірінде белсенділер мен құқық қорғаушылар ұсталған еді.
  • Назарбаевтан билікті қабылдап алған қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы бекіткен бейбіт жиындар туралы жаңа заңды құқық қорғаушылар халықаралық стандарттарға сай емес, бейбіт жиын өткізуге жергілікті әкімдік рұқсат беру керек деген бұрынғы заңдағы талап сол күйі қалды деп сынға алды. Белсенділер жергілікті әкімдік митинг өткізуге рұқсат бермес үшін түрлі сылтау ойлап табатынын айтады. Ондай сынға келіспейтін Астана митинг туралы жаңа заңды "демократиялық мазмұнда" деп атап, оны қабылдағаннан кейін Қазақстанда бейбіт жиындар "бірнеше есе" көбейді дейді.
XS
SM
MD
LG