Ресей Украинаға соғыс бастағалы бері Қазақстанның Киевтегі елшілігі төрт қазақстандықтың сүйегін елге жеткізуге көмектескен. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі "Власть" сайтына берген жазбаша жауабында осылай деп мәлімдеген. Марқұмдардың қалай қаза болғаны белгісіз. Министрліктің айтуынша, олар соғысқа қатыспаған.
"2022 жылдың ақпан айынан бастап Қазақстанның Украинадағы елшілігі соғысқа қатысы жоқ төрт қазақстандықтың сүйегін тасымалдау үшін қажет құжаттарды дайындауға көмектесті" деп жазған министрлік жауабында.
Басылым сонымен бірге Қазақстанның ішкі істер министрлігі "Украинадағы соғыста Ресей жағында соғысып жүр" делінген 661 қазақстандық туралы мәліметке қатысты жауап бермегенін жазды.
Жуырда Украина қорғаныс министрлігіне қарасты "Хочу жить" ("Өмір сүргім келеді") орталығы Украинада Ресей жағында соғысып жүрген қазақстандықтар делінген 600-ден астам адамның аты-жөнін жариялаған еді. Орталықтың мәліметінше, 2022 жылдан бері Украинадағы соғысқа 661 Қазақстан азаматы қатысқан, кемінде 78-і қаза тапқан. Аталған орталық мәліметті Ресей әскеріндегі аты-жөні аталмаған тұлғалардан алғанын айтқан.
Қазақстанның ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха өткен аптада журналистерге "әуелі бұл мәліметтің рас-өтірігін тексеру керек" деген болатын.