Accessibility links

"Қазатомөнеркәсіп" ресейлік компанияға уран сатудан бас тартты, бірақ Қытайға тасымалдауға келісті

Қазақстанның "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық уран компаниясы ресейлік "Росатомға" қатысы бар Uranium One Group кәсіпорнына табиғи уран тасымалдау туралы шешімді мақұлдамады. Тиісті шешімді "Қазтомпромның" акционерлері 7 қазан күнгі кезектен тыс жиналыста қабылдады деп хабарлады компания.

Дауыс беруге қатысқан акционерлердің 88,4 пайызы жиналыс кезінде дауыс беруден қалыс қалды. Қатысушылардың 5,39 пайызы келісімшартты қолдап дауыс берді, ал 6,27 пайызы қарсы болды.

"Қазатомөнеркәсіп" жай-жапсарын ашып жазбады. Жиналысқа қатысушылардың Uranium One Group компаниясымен жасалуы мүмкін келісімге не үшін қарсы болғаны белгісіз.

Дегенмен сол акционерлер жиналысында тағы бір келісім – қытайлық State Nuclear Uranium Resource Development Company Limited (SNURDC) компаниясымен келісім мақұлданды. "Қазатомөнеркәсіп" уран концентратын сатып алу-сату туралы келісімшартты мақұлдады. Уран мен отын жинақтарын жеткізуге жауапты қытайлық SPIC еншілес компаниясымен жасалған келісімнің құны жарияланбады.

Қатысушылардың 88,63 пайызы Қытайға концентрат жеткізуді қолдап дауыс берді, 6,49 пайызы қарсы болды, ал 4,88 пайызы қалыс қалды.

"Қазатомөнеркәсіптің" негізгі акционері - елдегі квазимемлекеттік сектордағы компанияларды біріктіретін "Самұрық-Қазына" қоры (62 пайыз) және Қазақстан қаржы министрлігі (12 пайыз). Акциялардың жиырма бес пайызы "Астана" халықаралық биржасы және Лондон қор биржасында еркін сатылады.

Uranium One Group компаниясы Сібірдегі зауытқа жеткізу үшін Қазақстаннан уран сатып алуды жоспарлаған. «Росатом» басқаратын компания табиғи уран өндіреді және шетелде, соның ішінде Қазақстанда кен орындарын барлаумен және игерумен айналысады. Ол «Қазатомөнеркәсіппен» бірлесіп «Буденовское» жобасына қатысады.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін «Росатом» Батыстың санкция қысымына тап болды: компанияның өзіне шектеу қойылмаған, бірақ оның бірқатар еншілес компаниялары мен басшыларына санкция салынды.

«Росатом» Қазақстанға Балқаш көлінің жағасында алғашқы атом электр станциясын салып бермек.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG