"Қазатомөнеркәсіптің" тағы бір басқарма мүшесі қызметінен кетті

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының кеңсесі. Сурет компанияның ресми сайтынан алынған.
"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының кеңсесі. Сурет компанияның ресми сайтынан алынған.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директоры Дархан Сағындықов 26 қарашада өз еркімен қызметінен кетті. Бұл жөнінде 27 қарашада компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

“Оның өтініші негізінде және корпоративтік процедураларға сәйкес, компанияның директорлар кеңесінің шешуімен Дархан Сағындықовтың “Қазатомөнеркәсіп” басқармасының мүшеcі ретіндегі өкілет мерзімі тоқтатылды” деп жазылған компания хабарламасында.

Компания өкілдері “Қазатомөнеркәсіп” жұмысын қалыпты жағдайда жалғастырып жатыр деп хабарлады.

Бұл — компания басшылығындағы соңғы өзгерістердің бірі. 23 қарашада ҰҚК «Қазатомөнеркәсіп» басқарма мүшесі Қуаныш Омарбеков пен бірнеше адамды ұстаған еді. ҰҚК бұл жөнінде 25 қарашада хабарлады. Ведомство олар «Самұрық-Қазынаның» бұрынғы басшылығы "ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар" деген күдікке ілінгенін айтқан.

ҰҚК сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің 367-бабының 4-бөлігі ("Аса ірі мөлшерде немесе қылмыстық топ жасаған пара беру әрекеті") бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлап, Омарбековпен бірге неше адам ұсталғанын, олардың аты-жөні мен қандай қызмет атқаратынын нақтыламады.

24 қарашада Омарбеков пен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байғожиннің де өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Әзірге, ұсталғандардың адвокаттары мен туыстарының ақпарат құралдарына шыққаны жөнінде мәлімет жоқ.

11 қарашада ҰҚК "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Елжас Отыншиев және аты-жөні аталмаған өзге де адамдарды жемқорлық күдігімен ұстағаны бір күннен кейін белгілі болды. 14 қарашада тергеу соты оларды тұтқындау туралы шешім шығарды.

13 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында "Самұрық-Қазына" қоры мен "Қазақстан темір жолы" басшыларының ұсталуына байланысты мәлімдеме жасап, мұны "мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай" деп атаған.

Ал 16 қарашада Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қызметінен босатып, оның орнына Марат Ирменовті тағайындады. Тоқаевтың кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадиярдың сөзінше, президент мұндай шешім қабылдағанда жемқорлық оқиғасына қатысы бар лауазымды тұлғаларды ұстау жағдайын да ескерген.

"Президенттің пікірінше, күштік құрылым қызметкерлері қателіктер жіберген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жарияланды", – деген Смадияр министрге ескерту жариялауға нақты не себеп болғанын ашып айтпады.

24 қарашада өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымынан босатылған Ерсайын Нағаспаев "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басшысы болып тағайындалды.

Жақыпов пен Отыншиев ұсталғаны жайлы ақпарат жарияланған күні әлеуметтік желіде тараған видео қоғамда резонанс тудырған еді. Онда Астанадағы "Атлант" тұрғын үй кешені маңында доллар купюралары шашылып, әлдебір шабадан жатқаны, маңайында күштік құрылым өкілдері жүргені көрінеді. Ресми органдар видеоның екі топ-менеджерді ұстаумен байланысы бар-жоғына қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

​
XS
SM
MD
LG