Қазақстандық кәсіпкер, “Қайрат” футбол клубының иесі Қайрат Боранбаевтың 26 қазанда Лондонда “Алтын допты” марапаттау рәсіміне қатысқаны белгілі болды. Қазақстан қылмыстық атқару жүйесі комитетінің түсіндіруінше, кәсіпкер Лондонға барған кезде онда пробациялық бақылау болмаған. Бұл жөнінде ведомство Nege.kz сайтына берген ресми жауабында айтқан.
Басылымның жазуынша, 2026 жылы 1 маусымда сот Қайрат Боранбаевтың бостандықты шектеу жазасынан мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырған. 18 маусымда пробациялық бақылау есебінен алынған.
“Қазіргі кезде оған қатысты жазаны өтеу және пробациялық бақылауда болуға қатысты ешқандай шектеу жоқ” деді ҚАЖК өкілдері басылымға берген ресми жауабында.
Бұрынғы президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев 2023 жылы наурызда 8 жыл түрмеге кесілген. Сол жылы қыркүйекте апелляциялық сот оның жазасын 6 жылға қысқартты. Оның “мемлекетке келтірген шығынды толтырғаны” хабарланды. Ізінше кәсіпкердің түрме жазасы шектеу жазасына ауыстырып, қамаудан босап шыққан еді.