Accessibility links

"Қазселденқорғау" сел мен көшкін жөнінде ескертті

Kazakhstan - The river of Aksay. 1 July 2026
Kazakhstan - The river of Aksay. 1 July 2026

“Қазселденқорғау” мекемесі Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарының таулы және тау бөктеріндегі елді мекендерде тұратын тұрғындарға лай көшкіні мен сел қаупі жөнінде ескертті.

“3-5 шілде аралығында жоғары температура мен қатты жауын-шашынның салдарынан су ағысы күшейіп, өзендердің деңгейі көтерілуі ықтимал. Лай көшкіні мен сел болуы мүмкін” деп жазылған мекеменің хабарламасында.

Бұған қоса, төмен тұрған аумақтарды су басуы ықтимал дейді мекеме өкілдері. Олар аймақ тұрғындарын тауға бармауға және сақтыққа шақырды.

Бейсенбі, 2 шілдеде Алматы облысының Қарасай ауданындағы Жаңатұрмыс ауылында “Ақсай карьері” компаниясының аумағында Ақсай өзені жағалауын су шайып, карьердің солтүстік-батыс бөлігіндегі топырақ жылжып кеткен еді. Соған жақын маңдағы 9 үй тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген. Қарасай ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.

“Қазселденқорғау” мекемесі 2 шілдеде түнде Қарғалы, Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің деңгейін бақылап отырғанын, жағдай қалыпты екенін хабарлады.

Осы апта ортасында Ақсай өзені тасып, өзеннің маңындағы үйлер мен ғимараттарды су басу қаупі төнгені хабарланған еді. Әуелі министрлік Наурызбай ауданы тұрғындарына сел бас қаупі төнгені жөнінде хабарлап, эвакуация қажеттігін айтқан. Кейін тұрғындарды эвакуациялау қажет болмады деп мәлімдеді.

Айдар
XS
SM
MD
LG