Қазақстан қорғаныс министрлігі Батыс Қазақстан аумағына құлаған дрондарды Ресей-Украина соғысымен байланыстырады. Жергілікті "За нами выехали" телеграм-арнасына жіберген жазбаша жауапта ведомство солай деп жазған.
“Қазіргі халықаралық жағдайды ескерсек, Қазақстан аумағында дронның пайда болуының ең ықтимал себебі олардың Ресей-Украина қақтығысында пайдаланылуы. Осыған ұқсас жайттар Румыния, Молдова, Беларусь, Болгария, Польша, Хорватияда болған. Аталған аппарат тиесілі болуы мүмкін шетел әріптестермен кеңес жүргізіп жатырмыз” деп жазған қорғаныс министрлігі телеграм-арнаға берген ресми жауапта.
Ведомствоның хабарлауынша, “дрондардың ұшу бағытын өзгерту мақсатында техникалық араласу нұсқасы” қарастырылып жатыр.
Министрліктің айтуынша, БҚО-да табылған төрт дронға қатысты қозғалған төрт іс бір өндіріске біріктірілген. Тергеуді ІІМ әскери-тергеу департаменті қорғаныс саласы мамандарымен бірігіп жүргізіп жатыр. Іс "Ұшу ережесін немесе оған дайындықты бұзу" бабы бойынша тергеліп жатыр.
Ведомствоның айтуынша, құлаған дроннан ешкім зардап шекпеген, материалдық шығын да келмеген.
Қорғаныс министрлігінің хабарлуынша, Қазақстанның әуе қорғаныс жүйесі штаттық жағдайда істеп тұр және жауап беру алгоритмін қатаң сақтайды.
Министрлік сонымен бірге елдің әуе кеңістігін бақылауды күшейту және әуе нысандарының елге рұқсатсыз кіруіне жол бермеу бойынша қосымша шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.
Ақпан айынан бері Батыс Қазақстан облысының түрлі аумақтарынан төрт дрон табылған еді.
18 ақпанда Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылының маңына ұшатын аппарат құлаған.
18 наурызда тағы бір дрон Тасқала ауданы аумағына құлағанын Атамекен ауылының тұрғындары хабарлаған. Заттың ұзындығы – 300 см.
24 наурызда Жанібек ауданы аумағынан дрон бөлшектеріне ұқсас заттар табылған. Екі күннен кейін Жәнібек ауданынан тағы дронға ұқсас аппарат табылды.
BES.media басылымы Ұялыда табылған дронның пішіні Ресейдің "Орлан-10" дронына ұқсас деп жазды. "Рособоронэкспорт" сайтының мәліметінше, мұндай дрон жер мен су бетін қашықтан бақылауға, GSM базалық станциялары мен ұялы байланыс желілерін анықтауға арналған.
Батыс Қазақстан облысы аумағынан 18 ақпан мен 18 наурызда табылған дронға ұқсайтын екі заттың фотолары әлеуметтік желіде жарияланған.
Қазақстанның Ресеймен шекаралас аудандарында бұрын әскери зымыран қалдықтары бірнеше рет табылған. Ресейдің Астрахан облысында Капустин Яр әскери полигоны орналасқан. 2018 жылы жазда Батыс Қазақстан өңіріне құлаған зат сол полигоннан ұшырылған зымыранның бөлшегі екені анықталған.