13 сәуірге қараған түні Қостанай облысы аумағындағы "Қостанай – Әулиекөл – Сұрған" бағытындағы жолдың 106-шақырымында "Мерседес" және ВАЗ-2107 маркалы екі жеңіл автокөлік апатқа ұшырап, салдарынан төрт адам көз жұмған.
Қостанай облыстық полиция департаментінің дерегінше, "Мерседес" көлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, ВАЗ-2107 көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Полиция жол-көлік апатына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Қазақстанның құқықтық статистика және денсаулық сақтау органдарының деректеріне сәйкес, кейінгі жылдары елде жол-көлік оқиғалары (ЖКО) саны артып, қаза тапқандар мен зардап шеккендер көрсеткіші жоғары деңгейде қалып отыр.
Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 2500 адам жол апатынан қаза табады. Елде 1991 жылдан бері жол-көлік апатынан опат болған адам саны бірде 4 мыңға өсіп, бірде 2 мыңға дейін кеміп отырған.
- 2022 жылы – 2425 адам;
- 2023 жылы – 2543 адам;
- 2024 жылы– 2579 адам
- 2025 жылы – 2,5 мың адам опат болған.
Ресми мәлімет бойынша, былтыр елде 36 мыңнан астам жол апаты болып, 51 мыңнан астам адам зардап шеккен. Жол апатының көбі Алматы қаласы, Маңғыстау мен Алматы облыстарында болған.