Қостанай қаласының №2 соты мал шаруашылығын субсидиялау бағдарламасы аясында 2,5 млрд теңгеден астам бюджет қаржысын жымқыру ісі бойынша 30 айыпталушыға үкім шығарды. Іс фигуранттары арасында ет өңдеу кәсіпорындарының басшылары, фермерлер, ветеринарлар және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының шенеуніктері бар, деп жазды ҚазТАГ.
Сот материалдарында айыпталушылар 2021 жылдың аяғы мен 2023 жылдың ортасы аралығында инвестициялық субсидиялар, мал бордақылау төлемдері және ет өткізуге арналған өтемақыларды жалған құжаттар, «қағаз жүзіндегі мал» және өндіріс қуатын қолдан өсіріп көрсету схемаларын қолдана отырып иемденіп кеткен деп көрсетілген.
Бұл іс Қазақстандағы агросубсидия жүйесіндегі ең ірі қылмыстық істердің біріне айналды.
Тергеу нұсқасы бойынша, схеманың өзегінде BEEF EXPORT GROUP пен оған байланысты құрылымдар тұрған. Айыптаушылар ет комбинатының бір күндегі қуат шамасын талапқа сай етіп көрсететін жалған техникалық құжаттар әзірлеп, ет экспорты мен мал өткізу бойынша мемлекеттен миллиардтаған теңге өтемақы алған. Кейде субсидиялар мүлде болмаған мал басына рәсімделген дейді тергеушілер.
Сот үкімімен осы қылмыстағы негізгі тұлға саналатын компаниялар тобының жетекшісі 14 жылға бостандығынан айырылды, оған коммерциялық ұйымдарда басшы болуға 10 жылға және мемлекеттік қызметте істеуіне өмір бойына тыйым салынды. Басқа айыпталушылар 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімдерге сотталды, ал бірнеше адамға рақымшылық пен шартты жаза қолданылды.
Сот сондай-ақ 1,3 млн доллар және 4 мың еуродан астам қаржы мен компания шоттарындағы 600 млн теңгеден астам қаражатты мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім шығарған. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары толық қанағаттандырылып, мүлікке салынған тыйым үкім толық орындалғанға дейін күшінде қалдырылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.