Атырау облысы Құлсары қаласында жанармай бекетінде жарылыс болып, екі адам қаза болды, оннан астам адам зардап шекті.
Зардап шеккендер Жылыой ауданындағы орталық ауруханаға жеткізілген. Жедел көмек көрсету үшін Атырау қаласынан Құлсарыға қосымша мамандар мен құрылғылар жіберілген.
Атырау облысының төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, жанармай бекетінде газ-ауа қоспасы жарылып, бекет пен оған жақын орналасқан екі ғимарат өртенген.
– Газ таситын көліктен резервуарға газ құйылған. Сол кезде жарылыс болған. Жарылыс салдарынан жанар-жағармай бекетінің қасындағы бір қабатты нысан мен 2 қабатты ғимарат жанып кеткені анықталды. Жалын шарпыған аумақ – 450 шаршы метр. Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінен 60 адам, 10 техника тартылды, - деді Атырау облыстық төтенше жағдай департаменті бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Назарали Селимов. Оның сөзінен "Қазақпарат" үзінді келтіреді.
Өрт 30 мамырда кешкі сағат 20:15-те оқшауланған. Қауіпті орыннан адамдар да эвакуацияланған.