Accessibility links

Құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева қайтыс болды


Әсел Нұрғазиева
Әсел Нұрғазиева

Құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева қайтыс болды. Бұл жөнінде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook-тағы парақшасында хабарлады.

"Бүгін Әсел Нұрғазиеваның қайтыс болғанын естідім. Ол енді өмірде жоқ. Өмірден құқық қорғаушы, азаматтық белсенді өтті, ол үшін басқалардың жағында болу рөл емес – өмірінің мәні еді. Әсел 47-де еді. Бұл жаста адам өмірімен қоштаспайды – сапарын жалғастырады.

Ол оқиғалардан "сырт" қала алмады. Әсел айтуға қауіпті, сұрақ қоюға қолайсыз жерлерде жүрді. Ол өзінде адайдың қаны қайнап тұратынын айтатын, сол себепті тік еді. Оның жолы ешқашан қауіпсіз болған жоқ, бірақ сонда да адал болып қалды. Онда қаталдық пен терең адамгершілік қасиеттері ғажап үндесіп жататын. Әсел өткір, қолайсыз, компромиске келмейтін адам бола алатын, бірақ сонысының ар жағында әрдайым шынайы қамқорлық пен қорғауға дайындық жатты" деп жазды құқық қорғаушы.

Әсел Нұрғазиева полиция ереуілшілерге оқ атып, кемінде 17 адам қаза болған – 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде зардап шеккендердің құқығын қорғаумен танылған. Ол қаза болған мұнайшылардың туыстарының, жараланғандардың мүддесін қорғап, құқықтық қолдау көрсеткен. Сол белсенділігі үшін өзі де қудаланып, қоқан-лоқыға ұшыраған. Ол белсенді ретінде де танылып, сол үшін әкімшілік жазаға да тартылған.

Бұған дейін Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның Атыраудағы өкілдігіне жетекшілік етіп, елдегі адам құқығы ахуалын халықаралық ұйымдарға жеткізуге көмектескен.

"Оның есімі тек жаңалықтар мен архивтерде ғана емес, бірінші кезекте ол өзі жақсы көрген, көмектескен және жалғыз қалдырмаған адамдардың алғысында қалсын" деп жазды құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

XS
SM
MD
LG