Accessibility links

Құқық қорғаушылар прокуратураны Атбасар түрмесінің бұрынғы қызметкерлерін ақтаған сот үкіміне шағым беруге үндеді


Атбасардағы ЕЦ 166/4 қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесіне кіреберісте тұрған қызметкер. Ақмола облысы, 8 желтоқсан, 2017 жыл.
Атбасардағы ЕЦ 166/4 қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесіне кіреберісте тұрған қызметкер. Ақмола облысы, 8 желтоқсан, 2017 жыл.

Қазақстандағы азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясы Атбасардағы түзеу мекемесінің бұрынғы қызметкерлерін ақтаған сот үкіміне байланысты "қатты мазасызданып" отырғанын мәлімдеген. 12 ақпанда Ақмола облысында алқабилер соты азаптау айыбы тағылған 12 адамның кінәсі жоқ деген шешім қабылдаған.

"Қылмыс жасалғанына айқын дәлелдер бола тұра, ақтап үкім шығару, Қазақстан билігі 2008 жылы "еш төзбейтінін" мәлімдеген азаптау әрекеттерінің жаңа легін тудыруы мүмкін. Коалиция прокуратура органдарын алқабилер сотының қатысуымен шығарылған үкімге қарсылық білдіруге және барлық айғақ-дәлелдерді есепке ала отырып, жәбірленушілер атап көрсеткен ауыр қылмысты жасауға қатысқан кінәлілердің БӘРІН жауапқа тарту үшін істі қайта қарауға үндейді" деп жазылған 14 ақпанда таратылған коалиция мәлімдемесінде.

Құқық қорғаушылар 2023 жылы тамызда Атбасардағы түзеу колониясына этаппен жеткізілген ондаған жаза өтеуші азамат өздерін колонияның 25 қызметкері ұрып-соққанын айтып шағынғанын, ал азаптау туралы қылмыстық іс бойынша жауапқа 12 адам тартылғанын еске салған. Коалиция Атбасардағы ЕЦ 166/4 мекемесі бұған дейін де бірнеше рет азаптау туралы арыз-шағымдарға байланысты назарға ілінгенін, бірақ "мемлекеттік органдар тарапынан тиісті реакцияның болмауы нақ осы мекемеде әлгіндей қылмыс жасағандарды жазаламау саясатына алып келгені, енді бұл бүкіл пенитенциарлық жүйеге таралуы мүмкін екенін" атап көрсеткен.

Түзеу колониясының бұрынғы қызметкерлерін ақтау туралы үкімге жәбірленушілер наразы болды. "Ұлтаралық араздық қоздырған" деген айыппен үш жылға сотталған, қазір түрмеде жазасын өтеп жатқан азаматтық белсенді Тимур Дәнебаев (құқық қорғаушылар оны саяси тұтқын деп біледі, Астана елде саяси астармен қудаланғандар жоқ дейді) өзі және қамауда отырған өзге адамдар үкімге келіспейтінін айтып, наразылық ретінде аштық жариялайтынын мәлімдеп видеоүндеу жасады. Азаптау ісі бойынша сот процестерінің бірінде Дәнебаев түрме әжетханасын жуудан бас тартқаны үшін өзін колония қызметкерлері қатыгездікпен ұрып-соққанын баяндаған.

Атбасар түрмесінде жазасын өтеуші азаматтарды азаптап жатқаны түсірілген видео 2023 жылы күзде желіде тараған. Онда түрме қызметкерінің киімін киген бірнеше ер адам жаза өтеушінің киімін киген кісілерді резеңке таяқпен ұрып-соғып жатқаны көрінеді. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) алғашында әлгі видеода "тәртіпсіздіктерге мұрындық болғандарға" қарсы арнайы құралдар қолданылған сәт көрсетілген деп хабарлады. ҚАЖК түзеу мекемесіне жаңадан келгендер "тәртіпке бағынбай, түрме ережесін үнемі бұзғанын" айтқан. Кейін ішкі істер министрлігі колонияда тексеру жүргізілгінін және теріс қылық жасаған қызметкерлер жұмыстан шығарылғанын хабарлады.

Азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясындағы құқық қорғаушылар Атбасардағы түзеу мекемесіне этаппен жеткізілгендер ешқандай агрессия танытпаған және түрме қызметкерлеріне қауіп-қатер төндірмеген деп мәлімдеді. "Әжетхананы жуудан бас тартқан-мыс деген сылтау оларға қарсы арнаулы құралдар қолдануға, күш көрсетуге және қорлауға негіз бола алмайды. Азаптауды заңды әдіс деп түсіндірген басшылықтың уәжі ешқандай сын көтермейді", – деп жазылған коалиция мәлімдемесінде.

2025 жылы қаңтарда Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары кеңесінде Қазақстан елдегі адам құқықтарының ахуалы туралы есеп бергенде Астананың ресми өкілдері сарапшыларды Қазақстанның азаптаумен күресуге бейіл екеніне сендірген деп еске салды коалиция. "Атбасар ісі" Қазақстанның адам құқығы мен бостандықтарын сақтайтыны туралы берген уәдесіне күмән туғызады дейді құқық қорғаушылар.

XS
SM
MD
LG