Құқық қорғаушылар Құрылтайға қайрылып, Қаңтар көтерілісі кезінде зардап шеккен бейбіт азаматтарды ақтау туралы заң қабылдау мәселесін көтеруді сұрады. Бұл жөнінде "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының басшысы Бақытжан Төреғожина хабарлады.
"Бұзылған құқықтарды қалпына келтіру — тек өткенге қатысты мәселе емес, ол әлі де жүйелі түрде шешуді қажет етеді" дейді Төреғожина Құрылтайға жолданған хаттан үзінді келтіріп.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, кейінгі жылдары көптеген отбасы әлі күнге дейін өздерін толғандырған сұрақтарға жауап ала алмай келеді. Қаңтар көтерілісінің күрделілігі нақты адамдардың тағдырын, қылмыстық қудалаудың заңдылығына қатысты мәселелерді, азаптау мен қатыгездік туралы ақпараттарды, сондай-ақ азаматтар мен олардың отбасылары әлі күнге дейін көріп отырған зардаптарды назардан тыс қалдыруға негіз бола алмайды дейді.
"Мәселе біреудің мүддесі үшін оқиғаларды қайта қарау немесе кінәсі заңда белгіленген тәртіппен дәлелденген адамдарды жауапкершіліктен босату жөнінде болып отырған жоқ. Мәселе – құқықтары бұзылған азаматтардың құқығын қалпына келтіру, жазықсыз балалардың қазасы, негізсіз шешімдерді қайта қарау мүмкіндігі және қандай жағдай болмасын, адам құқықтары сақталуы керектігін мойындау жөнінде болып отыр" дейді олар.
Құқық қорғаушылар осы тұста желтоқсаншыларды ақтау туралы 1991 жылы 12 желтоқсандағы президент жарлығын мысалға келтіріп, дәл осы тәжірибені Қаңтар көтерілісі жағдайында қолдануды ұсынып отыр.
"Бүгінде, арада ондаған жыл өткен соң, біз осы тәжірибеден сабақ алып, оны Қаңтар-2022 оқиғасына да қолдана аламыз. Қаңтар-2022 қоғамымыз бен мемлекетіміз үшін ауыр сынақ болды. Сондықтан ақтау тек формалды шешім немесе декларация түрінде қалмауы керек. Адам үшін ақтау – жақсы атын қалпына келтіру, негізсіз қудалаудың құқықтық салдарын жою, өз құқықтарын толық пайдаланып, қалыпты өмір сүру мүмкіндігін қайтару деген сөз. Ал қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасылары үшін бұл – келтірілген зиянды мойындау, сот төрелігіне қол жеткізу, заңда көзделген көмек пен өтемақыны алу мәселесі" дейді құқық қорғаушылар.
Олар алдағы уақытта мұндай ұсыныс қаралған жағдайда талқылауға құқық қорғаушыларды, тәуелсіз заңгерлерді, зардап шеккен азаматтар мен олардың отбасы өкілдерін тартуды ұсынады.
Құрылтай өкілдері құқық қорғаушыларға жауап берген.
"Қаңтар оқиғасында зардап шеккен азаматтарды оңалту жөніндегі ұсынысыңыз өте орынды. Ол азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселесінің маңыздылығы ескерілуі тиіс. Бірақ қазіргі уақытта ҚР Құрылтайының қарауында аталған мәселесі реттейтін заң жобасы жоқ. Сондықтан бұл сұрақты қарау алдағы уақыттың еншісінде" делінген жауапта. Бақытжан Төреғожинаның атына жіберілген хатқа депутат Диқан Қамзабекұлы қол қойған.
2022 жылғы қаңтардың алғашқы күндері Жаңаөзеннен басталған наразылық тәртіпсіздікке ұласты. Ахуал ушыққан тұста Қазақстан президенті ескертусіз оқ атуды бұйырды. Ресми дерек бойынша, Қаңтар көтерілісі кезінде 238 адам қаза тапқан. Олардың басым бөлігі атқан оқтан мерт болған. Қаза болғандар арасында балалар, қарттар, алаңға кездейсоқ тап болғандар бар. Алты адам полиция бөлімшелері мен тергеу изоляторында азаптау салдарынан көз жұмды.
Қантөгістен кейін елде мыңнан астам адам ұсталып, көбіне "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік", "қару-жарақ ұрлау" баптары бойынша айыптап тағылған. Айыпталғандар арасында азаматтық белсенділер де бар. Кейбір айыпталушылар мен туыстары тергеудің әділетсіздігіне шағымданған.
2022 жылы қарашада елде Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасау туралы заң күшіне енді. Оған сәйкес, 4-7 қаңтар күнгі "заңбұзушылықтарға қатысы бар" 1,5 мыңнан астам адам амнистияға ілінді. Қаңтар кезінде қаза болған кейбір азаматтардың туыстары жақындарын ақтауды талап етіп, оларға оқ атқандарды табуды талап еткен.
Қаңтарда адамдарға оқ атқандардың дені анықталған жоқ, кісі өлімі фактісі бойынша қозғалған істердің көбі жабылып қалды. Кейін бірнеше әскери қызметші "адам өлтіру" айыбымен емес, "қызметін асыра пайдалану" бабы бойынша жауапқа тартылды.
2026 жылы қаңтарда Turkistan газетінде жарияланған сұхбатында президент Тоқаев Қаңтар оқиғасы жөніндегі тергеу амалдары әлі жүріп жатыр ма деген сұраққа "бұл тақырыпқа қатысты негізгі мән-жайдың бәрі әлдеқашан белгілі болды" деп жауап берген. Қаңтар кезінде "тәртіпсіздік қолдан ұйымдастырылғанын" айтқан Тоқаев: "Төңкеріс" жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар үкіметтің жанар-жағармай бағасын өсіру туралы шешімін желеу етіп, адамдарды жаппай шеруге шығуға итермеледі. Сосын азаматтардың, мемлекеттік қызметшілердің, бір таңғаларлығы, күштік құрылым қызметкерлерінің едәуір бөлігінің арасында дүрбелең туғызды" деді.
Қазақстанның жаңа тарихындағы ең ірі қантөгіс болған Қаңтар көтерілісінің жай-жапсарын зерттеп, 600 істі құжатқа түсіріп, хронологиясын түзген, биліктің іс-әрекетінің адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкестігін зерделеген құқық қорғаушылар "баршаның өмір сүру құқығы бұзылды" деген баға берген. Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасын біржақты тергеді, қаза болғандар мен азаптауға ұшырағандар ісі әділ қаралған жоқ деп мәлімдеген. Ресми Астанада бұл тұжырымға келіспейді.
Құқық қорғаушылар мен сарапшылар Қаңтардың шындығы әлі ашылмады деп санайды.