Қазақстандық құқық қорғаушылар жаңа Конституция қабылданғанына байланысты жарияланбақ рақымшылық туралы заң жобасында Қылмыстық кодекстің 150-бабын амнистияға жатпайтын қылмыстар тізіміне енгізу қоғамдық белсенді Оразалы Ержановқа бағытталған деп есептейді, деп жазды Vlast басылымы.
Қазақстан президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшелері Жеміс Тұрмағамбетова мен Виталий Воронов сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевқа жолдаған ашық хатында осы пікірді депутаттарға жеткізуді сұрады. Олар Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері елде бұл бап бойынша жалғыз-ақ адам сотталғанын айтқан.
Құқық қорғаушылар заң жобасы қазіргі Конституцияға да, сонымен бірге 1 шілдеде күшін енетін жаңа Конституцияға да қайшы келетінін атап көрсеткен.
22 мамыр күні Алматының Алмалы аудандық соты заңсыз алынған активтерді қайтару мәселелерімен айналысатын Elge Qaitaru қоғамдық қорының жетекшісі Оразалы Ержановты сайлау құқықтарын жүзеге асыруға және сайлау комиссияларының жұмысына кедергі келтірді деп танып, оның бостандығын 4 жылға шектеу және 5 жыл қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салу туралы үкім шығарған.
Биыл ақпанда елде талқыланып жатқан жаңа Конституция жобасын сынға алып, осы құжат бойынша өтетін референдумге бойкот жариялауға шақырғаны үшін тағылған айыппен келіспеген Оразалы Ержанов соттағы соңғы сөзінде жаңа Конституция жобасына қарсы үгіт-насихат жүргізу қылмыс емес деп мәлімдеген.