2026 жылдың алғашқы үш айында Қазақстандағы журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарына қысым көрсетудің ондаған дерегі тіркелген. Бұл туралы Құқықтық медиаорталық жариялаған "Сөз еркіндігі барометрі" есебінде айтылған.
Оның авторлары ондай деректердің арасында азаматтық және қылмыстық істер, тінту, техниканы тәркілеу және медиа өкілдерін ұстау жайттары барын айтқан. Олар кейбір істерде соттар БАҚ пайдасына шешім шығарғанымен, редакция кеңселерін тінту, жұмыс құралдарын тәркілеу және журналистерді уақытша ұстау тәрізді бірқатар резонансты оқиғалар болғанын атап көрсеткен. Құжатта мұндай жағдайлар тәуелсіз медианың күнделікті жұмысына елеулі қысым түсіретіні және редакцияларда өзін-өзі цензуралау үрдісін күшейтетіні жазылған.
Есепте журналистер қызметіндегі жүйелі кедергілерге де ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, тілшілерді іс-шараға қатыстырмай қою, фото-видео түсіруге тыйым салу, сондай-ақ елдің әр өңірінде қысым көрсету мен қоқан-лоқы жасау фактілері тіркелген. Авторлар мұндай ахуал медиа жұмысының институционалдық деңгейде тарылып бара жатқанын көрсетеді дейді.
"Сөз еркіндігі барометрінде" интернет кеңістігіндегі қысым: сайттарды бұғаттау, әлеуметтік желідегі аккаунттарды өшіру, редакцияларға қарсы кибершабуылдар және DDoS шабуылдар туралы да айтылған. Мұндай оқиғалар әсіресе тәуелсіз басылымдардың цифрлық қауіпсіздігіне қатер төндіріп, аудиторияның ақпаратқа қол жеткізуін қиындатады делінген.
Бұған қоса қазақстандық медиа мемлекеттік органдардан ақпарат алу кезінде бұрынғыдай қиындықтарға кезігеді. Есепте журналистердің ресми сауалына нақты дерексіз формалды жауап беру және оның мерзімін созу немесе толымды ақпарат беруден бас тарту кең таралғаны айтылған. Бұл, есеп авторларының пікірінше, қоғам үшін маңызды тақырыптарды сапалы жариялауға кедергі келтіреді.
"Құқықтық медиаорталық" сарапшылары тіркелген жағдайлардың басым бөлігі заң нормаларын қолдану арқылы іске асырылатынын, алайда дәл осы құқық тетіктерінің өзі елдегі медиа қызметінің ахуалына тікелей әсер етіп отырғанын атап көрсеткен. Олардың бағалауынша, қазіргідей құқық қолдану практикасы өзгермейінше, елдегі сөз еркіндігі мен тәуелсіз журналистиканың қызмет аясы тарыла бермек.
Қазақстандағы тәуелсіз медиаға қатысты мұндай үрдісті журналистер құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдардың мониторингтері де растайды: кейінгі жарияланған есептерде қазақстандық журналистер қауіпсіздігіне төнетін қатерлер, кибершабуылдар мен құқықтық қысым деңгейі өсіп келе жатқаны айтылған.
Қазақстан билігі елде сөз еркіндігі мен баспасөз бостандығына байланысты ешқандай проблема жоқ деп бұрыннан айтып келеді. Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда баспасөз еркіндігі шектелетіні туралы халықаралық ұйымдардың сынына келіспейтінін айтып, елде бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына барлық жағдай жасалған деп мәлімдеген.