Accessibility links

Құрылтай сайлау алдындағы алғашқы теледебатта сауалнама нәтижелері құбылып берілді

2026 жылғы 29 шілдеде Qazaqstan ұлттық арнасының тікелей эфирінде Құрылтай депутаттығына кандидаттар арасында алғашқы теледебат ұйымдастырылды. Телеэфирден скриншот.
2026 жылғы 29 шілдеде Qazaqstan ұлттық арнасының тікелей эфирінде Құрылтай депутаттығына кандидаттар арасында алғашқы теледебат ұйымдастырылды. Телеэфирден скриншот.

2026 жылғы 29 шілдеде Астана уақытымен сағат 19:25-те Qazaqstan ұлттық арнасының тікелей эфирінде Құрылтай депутаттығына кандидаттар арасында алғашқы ұлттық теледебат ұйымдастырылды. Биыл көктемде бүкілхалықтық референдумнің ресми қорытындысы бойынша қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияға сәйкес, бірпалаталы парламент – Құрылтайдың 145 депутатын сайлау 23 тамызға белгіленген.

"Қазақстанның болашағы – адам капиталы" деген тақырыппен сәрсенбіде өткен алғашы теледебатта сайлауға түсіп жатқан, елде ресми тіркелген келесі жеті саяси партияның өкілдері қатысып, сайлауалды бағдарламаларын таныстырды.
Осы партиялардан жиынтығы 545 кандидат сайлауға түсіп жатыр.

Теледебатта сөз сөйлеу кезегі арнайы кездейсоқ сан таңдайтын цифрлық генератор көмегімен анықталып, көрермендер әлеуметтік желі және мессенджерлер арқылы сұрақ қойды.

Теледебатқа қатысушылар сөз сөйлеп болғаннан кейін телеэфирде көрермендерге қойылған "Қайсысы сізге ұнады?" деген сауалнаманың алдын ала нәтижелері көрсетілді.

Экраннан көрсетілген дерекке сәйкес, пікір жолдаған респонденттердің 56 пайызы "Ешқайсысы ұнамады" деп жауап жазған.

Ал биыл көктемде жаңадан құрылған, осы сайлау науқаны басталмай тұрып, кейінгі 30 жылда Қазақстандағы негізгі саяси күш болған билік партиясы Amanat-ты өзіне қосып алған "Әділет" партиясына – 66 пайыз, "Ақ жол" партиясына – 13 пайыз, Respublica партиясына – 7 пайыз, Қазақстан Халық партиясына – 8 пайыз, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына – 3 пайыз, "Ауыл" партиясына – 2 пайыз және "Байтақ" жасылдар партиясының өкіліне – 1 пайыз қолдау білдірген деп көрсетілді. Сөйтіп, бұл көрсеткіштердің жиынтығы 156 пайызға тең болды.

Осыдан кейін теледебат жүргізушісі "техникалық ақау" болғанын хабарлап, экранға сауалнама нәтижесінің жаңартылған нұсқасын шығарды. Онда "Әділет" партиясын қолдайтындар 66,1 пайыз екені, ал "Ешқайсысы ұнамады" деген жауаптың үлесі 0,4 пайыз деп көрсетілді.

Теледебат аяқталған соң Qazaqstan ұлттық арнасы тікелей эфир видеосын YouTube-арнасынан алып тастады.

Сайлауалды үгіт-насихат науқаны 21 тамыз сағат 23:59-ға дейін жалғасады. 22 тамыз – "тыныштық күні" кез келген үгіт-насихат жұмыстарына тыйым салынады.

ОКС дерегінше, алғашқы Құрылтай депутаттарын сайлауды бақылауға 12 шет мемлекет пен 5 халықаралық ұйымнан 86 байқаушыға аккредитация берілген.

Биылғы сайлауға үкімет резервінен 34,3 млрд теңге жұмсалмақ.

Айдар
XS
SM
MD
LG