Accessibility links

Қырғыз билігі АҚШ профессоры әрі құқық қорғаушы Стив Свердловты елге кіргізбей қойды

АҚШ профессоры, құқық қорғаушы Стив Свердлов
АҚШ профессоры, құқық қорғаушы Стив Свердлов

19 мамырда Қырғызстан билігі Манас халықаралық әуежайына ұшып келген АҚШ-тың Оңтүстік Калифорния университетінің профессоры, құқық қорғаушы Стив Свердловқа елге кіруге рұқсат етпей, Түркияның Стамбұл қаласына қайтарған. Бұл туралы Свердловтың өзі хабарлады.

Құқық қорғаушының айтуынша, Қырғызстан шекарасында оған елге кіруге тыйым салынғаны айтылған, бірақ себебін ешкім түсіндірмеген.

Свердлов мұның алдында Қырғызстанға 2024 жылы барғанын және оған дәл сол кезден бастап елге кіруге тыйым салынғанын енді естігенін айтты.

Бұл жолы ол 16 америкалық студентті Қырғызстанға сол елдің тарихымен және мәдениетімен таныстыру үшін ертіп барған. Студенттерге Қырғызстанға кіруге рұқсат етілген, бірақ Свердловты шекарадан кері қайтарған.

"Қырғызстанға кіруіме неліктен рұқсат бермегенін білмеймін. Мен адам құқықтарын қорғаумен айналысамын. Бәлкім сондықтан шығар. Бұрын өзім жұмыс істеген Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының кейбір қызметкерлеріне де Қырғызстанға кіруге тыйым салынған. Кейбір журналистер де елге кіре алмады. Бірақ Қырғызстанда жағдай дәл осылай болады деп ойламадық", – деді Стив Свердлов.

Қырғызстанның Мемлекеттік шекара қызметі бұл оқиғаға байланысты әлі түсініктеме берген жоқ.

Стив Свердлов бұған дейін Human Rights Watch ұйымының Ташкент, Алматы және Бішкектегі кеңселерін басқарған. Кейінгі жылдары ол Орталық Азиядағы адам құқықтары мәселелері бойынша зерттеуші және сарапшы болып жұмыс істеп жүр. Музыкаға әуес ол джаз музыканты ретінде Бішкекте шағын концерттер де ұйымдастырған.

2025 жылғы желтоқсанда Рафаил Лопухин бастаған халықаралық адам құқықтары федерациясының үш сарапшысын да Қырғызстан билігі елге кіргізбей, Манас әуежайынан кері қайтарған еді.

Айдар
XS
SM
MD
LG