Accessibility links

Қырғыз парламентінің спикері қызметінен кетті

Нұрлан Тұрғынбекұлы
Нұрлан Тұрғынбекұлы

Қырғызстан парламентінің спикері Нұрлан Тұрғынбекұлы қызметінен кетті.

Депутаттар алдында сөз сөйлеген ол өзі Түркияда іссапарда жүрген кезде елде саяси өзгерістер болғанын атап өтті.

"Мен жекелеген адамдарға қызмет етпеймін, қырғыз халқы, парламенті мен мемлекетке қызмет етемін. Сондықтан мені бір адаммен байланыстыру дұрыс емес. Бірақ бізде саяси мәдениет қалыптасуы керек: Жоғарғы кеңес спикері қызметінен кету туралы шешімді өзім қабылдадым" деді ол.

Ол отставкаға кету туралы шешімді өзі қабылдағанын, өзіне ешкім қысым жасамағанын айтты. Ол сонымен бірге президент Садыр Жапаровтың саясатын қолдайтынын мәлімдеді.

Процедураға сәйкес, спикердің отставкаға кетуі туралы мәселе парламент талқылауына шығарылады және оны депутаттардың басым бөлігі мақұлдауы керек.

Жетінші шақырылым депутаты Нұрлан Тұрғынбекұлы – 2022 жылы қазанда спикер болған. 2025 жылы желтоқсанда жаңа парламент жұмысына кіріскен кезде де қайта спикер атанған. Ол 10 ақпанда отставкаға кеткен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Қамшыбек Ташиевтің айналасындағы адамдардың бірі саналады.

Тұрғынбекұлының отставкасы қабылданғаннан кейін депутаттар тобы өз кандидатын ұсынуы керек. Көп дауыс жинаған кандидат спикер болмақ.

XS
SM
MD
LG