Accessibility links

Қырғыз президентінің баспасөз хатшысы Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Қазақстан жеңді деп жазды

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты. Бішкек, 31 тамыз, 2026 жыл.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты. Бішкек, 31 тамыз, 2026 жыл.

Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының нәтижелеріне қатысты әлеуметтік желілердегі дау-дамайға жауап бере отырып, қайта санаудан кейін биылғы көшпенділер ойындарында медаль саны бойынша Қазақстан бірінші орын алғанын хабарлады.

Әлеуметтік желідегі парақшасында ол "жанкүйерлер арасында да ешқандай келіспеушілік болмағаны үшін екі елдің спортшылары мен жанкүйерлеріне ерекше алғысымызды білдіреміз" деп жазды.

"Командалық есептегі жалғыз техникалық сәйкессіздік медаль санау кезінде пайда болған. Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының әрқайсысының медальдарын бөлек санау туралы шешім қабылдады. Осылайша, Қазақстан жалпы командалық есепте бірінші орын алды. Қазақ бауырларымызды жеңісімен құттықтаймыз!" – деп жазды Алагөзов әлеужелідегі парақшасына.

Ол бұл ойындардың басты жеңісі "жарысты өзара құрмет пен әділ бәсеке рухында өткізе алғанымызда, бұл бауырлас халықтарымыздың бірлігі мен ынтымағын тағы да паш етті" деп қосты.

Бұған қоса Алагөзов Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жоғары деңгейде өткенін және ірі спорттық шара ретінде аяқталғанын айтты. Оның сөзінше, әсіресе көкбөрі мен жер-ұлақ жарыстары өте әсерлі болған, онда "қырғыз және қазақ командалары керемет ойын көрсеткен және спорттық бәсеке тек жарыс алаңында ғана болатынын тағы да дәлелдеген".

Қырғызстандағы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталғаннан кейін оның қорытындысына байланысты дау-дамай шыққан: Қазақстан мен Қырғызстан командалық есепте бірінші орынды кім алғанын анықтайтын алтын медальдар санын әрқилы есептеген.

Қазақстандық пабликтерде жарияланған командалық турнир кестесінде Қазақстан 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медаль – жиынтығы 74 медальмен бірінші орында, ал 30 алтын, 35 күміс және 19 қола медаль (84 медаль) иеленген Қырғызстан екінші орын алды деп көрсетілді.

Осыдан кейін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастырушылар өздерінің ресми Instagram парақшасында басқадай кесте жариялады. Онда Қырғызстан 30 алтын, 29 күміс және 13 қола медальмен (72 медаль) бірінші орын, ал Қазақстан 29 алтын, 16 күміс және 19 қола медаль (64 медаль) еншілеп, екінші орын алғаны жазылған.

Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт агенттігі "Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тұжырымдамасына сәйкес, елдер арасында медаль мен жалпыкомандалық ресми есеп жүргізілмейтінін" мәлімдеді.

2026 жылғы ойындардан кейін Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов "бауырлас қырғыз халқына қонақжайлығы мен ыстық ықыласы үшін" алғыс айтты. Министрлік парақшасында оның атынан жарияланған жазбада "қазақ және қырғыз халықтарын ортақ тарихи тамырлар, жақын салт-дәстүр мен рухани құндылықтар біріктіреді" делінген.

Айдар
XS
SM
MD
LG