31 тамызда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қытай президенті Си Цзиньпинмен "Ынтымак Ордода" (Қырғызстан президентінің Бішкектегі жаңа резиденциясы) кездесті деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Келіссөз барысында екі ел арасындағы "жоғары деңгейдегі саяси сенім", сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолын салу және ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланған.
Бұған қоса көрші екі елдің даму стратегияларын үйлестіру, Пекиннің "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясындағы ынтымақтастық, мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибе алмасу және Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) аясындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелерін де қозғаған.
"Қысқа тарихи кезеңде біздің қарым-қатынастарымыз жаңа дәуірдегі жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді және бүгінде тарихи тұрғыдан бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде. Елдеріміз арасындағы ынтымақтастық өз дамуының жаңа "алтын кезеңіне" аяқ басты деп сенімді түрде айта аламын", - деген Жапаровтың сөзін келтірген Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі.
Си Цзиньпин екі ел арасындағы ынтымақтастық бүкіл аймақта бейбітшілікті, тұрақтылықты және тұрақты дамуды қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосады деп мәлімдеген.
Келіссөз нәтижесінде екі тарап Мәңгілік тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы келісімге, Қырғызстан мен Қытайдың жаңа дәуірдегі жан-жақты стратегиялық серіктестікті сапалы дамыту туралы бірлескен декларациясына және басқа да бірқатар құжаттарға қол қойған.
Бұған қоса қырғыз-қытай шекарасындағы "Бедел" өткізу бекеті маңында шекара аумағын кесіп өтетін Үзеңгі-Қуш өзені арқылы автомобиль көпірін салу туралы келісімге қол қойылды. Кездесуде Қырғызстан мен Қытай шекарасындағы "Бедел" өткізу бекетін дамыту және Барскоон – Бедел тас жолын салуға ерекше назар аударылды деп хабарлады Қырғызстан тарапы.
Барскоон – Бедел тас жолының жалпы ұзындығы шамамен 150 шақырым. Құрылысы былтыр 26 тамызда басталған жол 2030 жылы толық пайдалануға беріледі деп жоспарланған.