Бішкектің Свердлов аудандық соты ұлтаралық араздық қоздырған деген айып тағылған блогер Айтілек Орозбековтің қылмыстық ісін қарап, оны бес айыптау эпизодының барлығы бойынша ақтады. Мұны 22 қыркүйекте Орозбеков пен оның адвокаты Жаныш Бараков хабарлады.
"Бүгін мені толық ақтады. Бізде әділ және бейтарап судьялар бар екен", – деп мәлімдеді Орозбеков.
Адвокаттың айтуынша, қайтадан өткізілген лингвистикалық комиссия сараптамасы блогердің жазбаларында заңсыз әрекеттерге шақыру мен ұлтаралық араздық қоздырудың ешқандай белгісін таппаған. Сот сәуір айында алдыңғы лингвистердің қорытындылары бір-біріне қайшы келеді деп тауып, қайта сараптама тағайындаған еді.
Қылмыстық істегі негізгі эпизодтардың бірі "Куликовский" кондитерлік дүкендер желісіне байланысты болды. 2025 жылы Орозбеков жариялаған бейнежазбада мекемелердің бірінде тұтынушыға қырғыз тілінде қызмет көрсетуден бас тартқанын айтқан. Кейінірек блогер компания операторынан өзімен қырғыз тілінде сөйлесуді талап еткен және өзінің әлеуметтік желідегі парағына жазылған жұртты мемлекеттік тілге құрмет танытпағаны үшін сауда желісі мекемелеріне бармауға үндеген.
Бейнежазбалар жарияланғаннан кейін құқық қорғау органдары Орозбековтің үстінен Қылмыстық кодекстің нәсілдік, этностық, ұлттық, діни немесе аймақаралық араздық қоздыру бабы бойынша іс қозғады. Ішкі істер органы блогер елуден астам мекемені тексерген және сараптамалар оның бейнежазбаларында ұлтаралық араздық қоздыру белгілері барын анықтады деп мәлімдеген еді. 2025 жылдың мамыр айында Орозбеков ұсталды, ал кейінірек сот оны үйқамаққа алды.
2026 жылдың қаңтар айында Айтілек Орозбеков пен "Куликовский" татуласқанын хабарлады: компания блогердің үстінен берген шағымын қайтарып алып, оған қарсы ешқандай талабын жоғын айтты. Бірақ қылмыстық істі қарау жалғасты, өйткені оны тоқтату туралы шешімді сот қана қабылдай алады.
Наурыз айында прокуратура соттан Айтілек Орозбековті кінәлі деп танып, оған 200 мың сом (шамамен 2300 доллар) айыппұл салуды сұраған. Ол жолы сот үкім шығармай, блогердің жазғандарын комиссия сараптамасына қайта жіберген еді.