Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиев 19 наурызда Қырғызстанға ұшып келді. Ол ішкі істер министрлігінің бас тергеу басқармасында жауап беріп жатыр деп хабарлады министрлік өкілдері Азаттықтың Қырғыз қызметіне.
Ақпаратқа қарағанда, Ташиевтан екі қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде жауап алынып жатыр. Олардың бірі "Қырғызмұнайгаз" кәсіпорнындағы жемқорлықпен байланысты. Екінші іс бойынша ақпарат айтылмайды.
Ташиевтің Қырғызстанға оралғанын жақтастары растады.
10 ақпанда президент Садыр Жапаров Ташиевті ҰҚМК-ның төрағасы – министрлер кабинеті төрағасының орынбасары қызметінен босатқан еді. Ол кезде Ташиев Германияда емдеуде болған. 13 ақпанда Ташиев емі аяқталмаса да Қырғызстанға оралуға мәжбүр болғанын айтқан. Бірақ үш күннен кейін қайта елден кеткен еді.
Ташиевтің отставкасынан кейін бірқатар депутат мандаттарын тапсырды, бірнеше министр мен шенеунік отставкаға кетті, ҰҚМК құрылымында өзгерістер болды.
Бұған қоса, ІІМ мемлекеттік "Қырғызмұнайгаз" кәсіпорнындағы жемқорлық фактісіне қатысты қылмыстық іс қозғады. Оған Ташиевке жақын адамдарға қатысы бар компаниялар араласқан болуы мүмкін деп айтылады. Одан бөлек, әскери прокуратура да ҰҚМ қызметкерлеріне қарсы қылмыстық іс қозғаған. Тергеу болжамынша, арнайы қызмет адамдары "қылмыстық іске тартылған кәсіпкерлер мен тұлғалардан алынған ақша мен мүлікті мемлекетке береміз деген желеумен активтерді иемденген".