Қырғызстанда Аи-95 және Аи-98 маркалы бензин тапшы. Бұл жөнінде мұнай трейдерлері қауымдастығының жетекшісі Қанат Ешатов 24.kg сайтына хабарлады.
Оның сөзінше, Қырғызстанға отын тасымалдаушы негізгі ел – Ресей. Кейінгі кезде украин дрондары Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасағандықтан Ресейдің өзінде отын тапшылығы туындаған. Ешатовың сөзінше, Қырғызстанда Аи-92 маркалы бензинге сұраныс көбірек. Ал оның елдегі қоры небәрі 1.5 айға жетеді.
Кейінгі айда Қырғызстанда жанармай кемінде бір сомға қымбаттаған. Елде қазір ең қымбаты – дизель. Литрі – 92-93 сом (1,05 - 1,06 АҚШ доллары) тұрады.
Украин дрондары Ресейдің мұнай өңдеу инфрақұрылымдарына шабуылдаған шақта Ресей билігі Reuters-тің дерегінше, отын экспортын шектеп, ішкі нарыққа шығарылатын бензин мен дизельдің сапасына талаптарды жұмсартқан.
Бұған қоса, Reuters-тің жазуынша, Мәскеу 50 мың тонна бензин алу бойынша Астанамен келіссөз жүргізіп жатыр. Бір күн бұрын Қазақстан энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ресей жағынан ресми түрде бензин бойынша өтініш түспегенін айтқан. Ал ондай өтініш түссе, қарастырылатынын жеткізген.
Ресейдің кемінде 78 аймағында отын тапшылығы байқалады, 27-інде билік ресми түрде жанармай сатуға шектеу қойған.