Accessibility links

Қырғызстанда діни блогерлер уағызшы куәлігін алуға міндетті

Қырғызстанда діни контент тарататын блогерлер тіркеліп, уағызшы сертификатын алуы керек. Бұл жөнінде 1 қазанда Қырғызстан дін істері және ұлтаралық қатынастар жөніндегі ұлттық агенттіктің өкілі Нұрғазы Қырғызбаев хабарлады деп жазды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Оның айтуынша, мұндай талап интернетте діни уағыздармен жүйелі түрде айналысатын, діни нормаларды түсіндіретін немесе белгілі бір діни көзқарастарды ұстануға шақыратын адамдарға қатысты. Дегенмен діни тақырыптар бойынша жеке пікір айту немесе анда-санда материал жариялау уағыз саналмайды.

Сертификат алу үшін азаматтар дін істері жөніндегі ұлттық агенттікте тіркелуі қажет. Құжат бір жылға дейін беріледі және кейін жаңартылуы мүмкін.

Агенттік уағыздарды реттеу және радикал немесе экстремистік идеялардың интернетте таралуына жол бермес үшін осындай талап енгізіп отырғанын айтты.

Бұл талап былтыр күшіне енген діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы жаңа заңға қатысты. Заң бойынша, интернетте діни уағызбен айналысатын азаматтар міндетті түрде тіркелуі тиіс.

Қырғызстан билігі соңғы жылдары діни саланы реттеуді күшейтті. Дін істері жөніндегі ұлттық агенттік әлеуметтік желілердегі діни контентті арнайы зерттеу орталығы үнемі бақылайтынын хабарлады. Дегенмен елдегі діни блогерлердің саны туралы ресми дерек жарияланған жоқ.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG